АСТАНА. ҚазАқпарат – Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Қазақстаннан Серік Теміржанов алғашқы болып рингке шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық боксшы 57 келіге дейін салмақта түркменстандық Ихлаз Гылычжановпен жұдырықтасты.
Үш раунд бойы жекпе-жек С.Теміржановтың басымдылығымен өтіп, төрешілер бір ауыздан жеңісті қазақстандық спортшыға берді.
Серік өткен жылы Сербия астанасы Белградта өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған еді. Ол – сондай-ақ жастар арасында Азия чемпионы.
Бүгін сондай-ақ күндізгі сессияда 63,5 келіге дейінгі салмақта Санатәлі Төлтаев өзбекстандық Руслан Абдуллаевпен кездеседі.
Кешкі сессияда Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов 51 келіге дейінгі салмақта үндістандық Спарш Кумармен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатында қазақстандық боксшылардың қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).