Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионатына дайындығын бастады

АСТАНА. KAZINFORM - Бас бапкер Нұржан Насанов жетекшілігімен бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Түркістан облысында бірлескен оқу-жаттығу жиынын бастап кетті.

Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Дайындық барысында олар алдағы Азия чемпионатына дайындық жүргізеді. Халықаралық деңгейдегі жаттығу жиынына Өзбекстан, Түркіменстан, Германия, Түркия құрамалары келді.

Айта кетейік, ересектер арасындағы Азия чемпионаты 28 наурыз-11 сәуір аралығында Моңғолия астанасы Улан-Баторда өтеді. Біріншілік алдында сол жерде де бірлескен оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылады.

Ұлттық құраманың бас бапкері бұдан бұрын шәкірттерінің 2026 жылдың алғашқы кезеңін Азия чемпионатымен түйіндейтінін атап өткен еді. 

- Құрлықтық додаға дейін бірнеше елмен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп, жыл басынан бергі жарыстар мен жаттығуда өзін жақсы көрсете білген боксшыларды Азия чемпионатына алып барамыз. Бұл - World Boxing ұйымының ересектер арасындағы алғашқы құрлықтық біріншілігі. Жарыс 28 наурыз-1 сәуір аралығында Моңғолияда болады, - деді Нұржан Насанов.

Ал екінші кезең Азия ойындарына дейін жалғасады. Дайындық 19 қыркүйек-4 қазан аралығында Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындық есебінде жүргізіледі.