Бокстан лицензиялық турнир: Мұхамедсабыр Базарбайұлы 1/8 финалға өтті
АСТАНА. KAZINFORM - Таиландының Бангкок қаласында өтетін бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінің екінші жарыс күнінде, 28 мамырда Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63.5 келі) қарсыласын жеңді.
Қазақстандық боксшы 1/16 финалда түркиялық Мизан Айколмен шеберлік байқасты.
Жекпе-жек барысында Мұхамедсабыр жақсы ойын өрнегін көрсетті. Қарсыласына көп соққы жұмсады. Нәтижесінде төрешілер оны жеңіске лайық деп бағалады.
Мұхамедсабыр лицензиялық турнирдегі алғашқы декпе-жегінде филиппиндік Кристиан Питт Лорентті жеңіп кетті.
Мұхамедсабыр Таиландта өтетін турнирге Астанадағы іріктеу жарысында жолдаманы жеңіп алды. Жарыс барысында ол Ертуған Зейнулинов, Жандос Қыдыралиев және Дулат Бекбауов секілді қарсыластарын қапы қалдырды.
Лицензиялық турнирде алғашқы жекпе-жектерінде Назым Қызайбай (50 келі), Римма Волосенко (60 келі), Валентина Хальзова (75 келі) жеңіске жетті.
Сондай-ақ, әйелдер құрамасында енді Ұлжан Сәрсенбек (54 келі) бүгін, 28 мамырда АҚШ спортшысы Шэра Мэй Патрициомен қолғап түйістіреді.
Ел құрамасынан Наталья Богданова (66 келі) 29 мамырда алғашқы жекпе-жегін өткізеді.