«Болашақ ойындары – 2026»: MOBA Mobile жарысының жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада халықаралық «Болашақ ойындары – 2026» аясында өткен MOBA Mobile дисциплинасы бойынша жарыс аяқталды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өткен финалда Индонезияның ONIC және Малайзияның Bigetron by Vitality командалары кездесті. BO5 форматында өткен матч 3:1 есебімен – малайзиялық команданың жеңісімен аяқталды.

Bigetron by Vitality сайыс тізгінін бірден қолға алып, алғашқы екі картаны 1:0 және 1:0 есебімен өз пайдасына шешті. Үшінші картада ONIC есеп айырмасын қысқартқанымен, төртінші картада малайзиялық команда қайтадан басым түсіп, матчты жеңіспен қорытындылады.

Финалдық кездесудің жалпы ұзақтығы 1 сағат 6 минут 27 секундқа созылды.

Жарыс қорытындысы бойынша Bigetron by Vitality командасы MOBA Mobile дисциплинасында алтын медаль жеңіп алды. Күміс жүлде Индонезияның ONIC тобына бұйырса, Aurora Gaming командасы – қола жүлдегер атанды.

Бұған дейін Phygital Football жарысында Уругвайдың NS Team командасы жеңімпаз атанған еді.

Кеше қазақстандық Team KZ Phygital Shooter CS 2 дисциплинасы бойынша чемпион атанды.