«Болашақ» стипендиясын алу оңай болмайды - Саясат Нұрбек

Фото: «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасына енгізілген өзгеріске қатысты пікір айтты.

Бүгін Үкіметтің отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында тілшілер «Болашақ» бағдарламасының тиімділігіне экономикалық және инновациялық талдау жүргізілді ме?» деген сұрақ қойды.

Өз кезегінде С. Нұрбек «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға түсу және стипендия тағайындау талаптары күшейтіліп жатқанын айтты.

- Кейінгі үш жылда бірқатар түбегейлі өзгеріс енгізілді. Былтыр енгізілген өзгерістің нәтижесін биылғы конкурста көріп отырмыз... Президент талаптардың ашықтығын нығайтуды тапсырды. Биылғы конкурста 981 үміткер құжат тапсырса, бірақ 217 стипендия берілді. Бұл тұрғыда бір орынға конкурс күшейтілгенін байқауға болады. Сондықтан «Болашақ» стипендиясын алу оңай болмайды, - деді министр.

Оның айтуынша, қазір аталған бағдарламаның түлектері елімізде жемісті қызметін атқарып жатыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында «Болашақ» халықаралық стипендиясы 217 қазақстандыққа берілгенін жазған едік.