Болашаққа қамқорлық балалық шақтан басталады: «Отбасы банк» бастамалары қолдау көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM – Баланың жарқын болашағы бүгін жасалған қамқорлық пен дұрыс жоспарлаудан басталады. Сапалы білім алу, алғашқы баспанаға қол жеткізу және үлкен өмірге сенімді қадам басу үшін қаржылық негізді ертерек қалыптастырған жөн. Бұл ретте «Отбасы банк» тиімді бағдарламаларды ұсынады. Банктің әлеуметтік бастамалары тұрғын үй, білім жинағынан бастап балаларды мемлекеттік қолдау, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды баспанамен қамтуға дейінгі маңызды кезеңдерді қамтиды.

Фото: Отбасы банк

«Арнау» – баспанаға бірінші қадам

«Отбасы банк» баласының баспана мәселесін бүгіннен ойлаған ата-аналар үшін «Арнау» арнайы депозитін ұсынады. Ол кемінде 10 жыл аралығында тұрғын үйге қаржы жинауға мүмкіндік береді. Шоттағы қаражатқа жыл сайын банктің 2%, мемлекеттің 20% сыйақысы қосылады. Қазір 6-8 жастағы ұл-қызыңыздың атына «Арнау» депозитін ашып, тұрақты түрде толтырсаңыз, балаңыз мектепке барып, есейіп, болашақ мамандығын таңдап жатқан тұста оның жинақ шотындағы қаражат та өседі. Бұл аралықта депозитте тұрғын үй бағасының тең жартысы жиналады. Қалған 50%-ын банк жылдық небары 2% (ЖТСМ 2,11% бастап 3,26% дейін) мөлшерлемемен береді. Сөйтіп, балаңыз 18 жасқа толғанда өз үйі болады. 2026 жылғы 23 қазандағы жағдай бойынша 48 810 «Арнау» депозитінде 7,6 млрд теңге жиналған. Биылдың өзінде 6836 жаңа шот қосылды.

Білімге арналған қаржылық қолдау

Бала өміріндегі маңызды кезең – білім алуда да «Отбасы банк» қолдау көрсетеді. «AQYL» білім беру жинағы бүгінгі оқушылардың болашақта отандық немесе шетелдік оқу орындарының студенті атануына жағдай жасауда. Бұл депозит бойынша мөлшерлеме – 12,96% (ЖТСМ 13,75% басталады). Сонымен қатар мемлекет салымға 5% сыйқы қосады. Жетім, мүмкіндігі шектеулі балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына 7% мөлшерінде сыйақы қарастырылған. Бүгінде осындай 199 763 білім жинағы бар. Бұл шоттарда 25 млрд теңге сақтаулы. Ал мемлекеттің төлеген сыйақы көлемі – 263 млн теңге.

Фото: Отбасы банк

Сапалы білім алуға «Келешек» жүйесі де тиімді. Оның аясында мемлекет балалардың білім алуына бастапқы капитал аударады. Биыл негізгі санаттағы балаларға 259 500 теңге, басымдыққа ие санаттарға 519 мың теңге есептеледі. Бүгінде бастапқы капитал көлемі 10,8 млрд теңге болатын 44 783 келісімшарт жасалды. Оның аясында 396 бала қосымша қолдау алды. Енді білім жинағы бар бала ертеңгі күні өзі қалаған мамандық иесі атануы үшін еш алаңдамайды.

Үлкен өмірге нық қадам

«Отбасы банк» «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының операторы ретінде кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектердің банктегі шоттарына жыл сайын Ұлттық қордан аударылатын үлесті баспана жағдайын жақсартуға не білім алуға жұмсауға көмектесіп келеді. Бүгінде 18 жасқа толған жастар барлығы 29,7 млрд теңгені қажетіне жаратты. Оның ішінде 23,8 млрд теңгесі тұрғын үйге, 5,9 млрд теңге білім алуға бағытталды.

Өткен жылдың мамыр айынан бастап банк баспанамен қамту саласында ұлттық даму институтының да қызметін қатар атқарып келеді. Заңға сәйкес, мемлекеттен берілетін баспанадағы пәтерлердің кемінде 20%-ы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға үлестірілуі тиіс. Қазір 59541 бала үй кезегінде тұр. Былтыр оларға 164, биыл 619 жеңілдетілген несие берілді. Оған қоса, 4130 адам жалдамалы баспанамен қамтылып.

Көпбалалы және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар да назардан тыс қалмады. Биыл көпбалалы отбасыларға 65,4 млрд теңге болатын 3521 жеңілдетілген несие, ерекше күтімді қажет ететін баласы бар отбасыларға 13,6 млрд теңгеге 770 заем берілді.

Фото: Отбасы банк

«Қазір ата-аналар балаларының болашағын алдын ала ойлап, маңызды қадамдарға ертерек дайындала алады. Мысалы, алғашқы баспанасына қаражат жинап, сапалы білім алуына қажетті қор қалыптастырып, мемлекеттік қолдау бағдарламаларын пайдалануға мүмкіндік бар. Отбасы бұл жолды неғұрлым ерте бастаса, баласының болашағына соғұрлым көп мүмкіндік жасайды. «Отбасы банкте» біз отбасыларға осындай мүмкіндіктер ұсынатын бірқатар әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып келеміз. Олардың қатарында «Арнау» тұрғын үй депозиті, AQYL білім беру жинақ салымы, «Келешек» бағдарламасы, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үй бағдарламалары бар.

Бұл бастамалардың әрқайсысы әртүрлі мақсатты көздегенімен, барлығының ортақ міндеті – балалардың болашағына сенімді негіз қалау. Біз Қазақстандағы әрбір баланың бақытты балалық шағы болғанын, сапалы білім алып, өзіне ұнайтын мамандықты таңдап, болашақта жеке баспанасына қол жеткізгенін қалаймыз. Өйткені біздің ортақ міндетіміз – балаларға бүгін қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың ертеңгі күніне жол ашатын мүмкіндіктерді көбейту», – деп атап өтті «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Иә, «Отбасы банк» барлық бастамасының мақсаты бір – балалар үшін сапалы білім мен қолайлы баспананы қолжетімді ету. Сол үшін олардың әр түрлі өмір кезеңінде кешенді көмек көрсетіп келеді. Нәтижесінде бала бар-жоғы бес жастан бастап жинақ шотын ашып, кейін диплом мен өз пәтерінің кілтін алаңсыз ала алады. Банктің осындай құралдары әр баланың әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы біліммен, тұрғын үймен қамтылуына бағытталған.