Болашақта ақын болғым келеді - Қадырдың 400-ден астам өлеңін жаттаған оқушы
Қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлидің туған жері - Сырым ауданында осымен екінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі байқауға республика өңірлері мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан барлығы 38 оқушы қатысып, бақ сынады.
Сырымдық оқушы Т.Маратов «Сөздің бәрі құдіретті...» атты ақын шығармаларын жатқа оқудан бас жүлдеге ие болды. Қазылар алқасының мүшесі, ардагер-ұстаз Өтебай Құспановтың сөзіне қарағанда, жыл санап аясы кеңіп келе жатқан байқаудың биылғы жаңалығы дәл осы Темірлан болды.
Темірлан Қадыр бабасының 401 өлеңіне қоса «Қызыл кітап» поэмасын түгел жаттап алған екен. Мұны рекордтық нәтиже деуге болады.
Өзінің айтуынша, ақын өлеңдерін 2-сыныптан бастап жаттап келеді екен.
«Бірінші сыныптан оқу озатымын. Мені осы өнерге бастапқыда баулыған алғашқы мұғалімім мектептегі үлгілі ұстаздың бірі Қараша Амангелдіқызы Надирова еді. Қазір қазақ тілі мен әдебиетінен жоғары санатты ұстаз Самал Тауфиққызы Батырова тәлім беріп келеді. Менің мақсатым - алдағы жылдары батырлар жырын жатқа айтудан жарыстарға қатысу. Ал өскенде ақын, жазушы болғым келеді. Әр нәрсенің қайырымы бар, төрт жылғы еңбегімнің жемісін көріп жатырмын», деді ҚазАқпарат тілшісіне Темірлан Маратов.
«Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, кейбір жырым бақташы боп жүр маңда...» атты ақынның сөзіне жазылған әндерді орындау бөлімінде Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы №9 мектептен келген жас әнші Жомарт Маратов бас жүлдені жеңіп алды. Елордалық №69 мектеп-гимназиясынан Ақжол Сабиғат бірінші, Атырау облысы И.Тайманов атындағы мектептен Аманбек Қапсалимов, Түркістан облысы Ордабасы ауданынан Нұрқожа Сағатхан екінші, Алматы қаласы Алатау ауданы №182 мектептен Бақтияр Зейнелхан, БҚО Бәйтерек ауданы Үлкен Шаған мектебінен Жасмин Жеңіс үшінші жүлдеге ие болды.