Болашақта арнайы мамандандырылған ХҚКО-лар еліміздің барлық қалаларында ашылады

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Елбасының берген тапсырмасын орындау мақсатында арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру бойынша шаралар жүргізілуде. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов айтты.

Оның айтуынша, аталған ХҚКО-лар қазіргі таңда Астана, Алматы, Қарағанды мен Ақтау қалаларында жұмыс істейді.

«Жүргізуші куәлігін алу үшін тапсырылатын емтихандар компьютерлік тест арқылы полиция қызметкерлерінің жұмысын бақылайтын бейнебақылау жүйесі бар сыныптарда алынады. Автокөлікті тіркеу барысында мемлекеттік нөмірлік таңбаларды иемдену автоматты режимде арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы жүзеге асады», - деп атап өтті М. Демеуов.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, болашақта аталған ХҚКО-ларды басқа да қалаларда ашу көзделген.