Оның айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект редакциялардың қалыптасқан жұмыс тәртібін өзгертіп жатыр. Алдағы уақытта телеарналар, интернет басылымдары мен газеттер бөлек жұмыс істемей, материалдарды ортақ жүйеде әзірлеп, түрлі арналар арқылы таратуы мүмкін.
– Болашақта интернет редакциясы да, телевизия да бөлек болмайды. Барлығын біріктіретін біртұтас медиа кеңістік қалыптасады, – деді Қанат Ысқақов.
Бірінші вице-министр бұған Euronews компаниясын мысалға келтірді. Компания бүгінде телеарна мен жаңалықтар сайтын жүргізумен ғана шектелмей, цифрлық платформалар мен стриминг қызметтерін дамытып, интернет арқылы да хабар таратады.
Қанат Ысқақовтың пікірінше, жасанды интеллект ақпарат құралдарының осындай ортақ жүйеге көшуін жеделдетуі мүмкін. Өйткені бұл технология материал дайындауды жеңілдетіп, оны түрлі арналар арқылы таратуға мүмкіндік береді. Алайда бірінші вице-министр жасанды интеллектінің мүмкіндігін асыра бағаламау керегін ескертті. Оның айтуынша, жаңа технология ең алдымен журналистердің жұмысын тиімді етуге көмектесетін құрал ретінде қолданылуы тиіс.
– Ең бастысы – оны қолданудағы жауапкершілік, – деді ол.
Сонымен қатар бірінші вице-министр технологиялар мен ақпарат тарату тәсілдері өзгергенімен, аудитория сенімін сақтау, редакциялардың жауапкершілігі және кәсіби талаптарды ұстану маңызды болып қала беретінін атап өтті.
Айта кетейік, Astana Media Week 2026 форумы 14–16 қазан аралығында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.
Бұған дейін дәстүрлі журналистиканың қазіргі жағдайы мен болашағы туралы жазған едік.