Роман Скляр депутаттарға Президенттің Атырау облысының әкімі лауазымына екі кандидатты KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовты ұсыну туралы хатын оқыды.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 101 депутаттың 83-і Болат Ақшолақовқа дауыс берді. 18 депутат Дарын Шамұратовтың кандидатурасын қолдады. Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті Жарлығымен Атырау облысының әкімі болып Болат Ақшолақов тағайындалды.
Облыс активімен кездесуде Премьер-министр өңірді төрт жыл басқарған Серік Шәпкеновке облыстың дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Мемлекет басшысының қолдауымен өңір экономикасын дамыту, бюджетті орталықсыздандыру және елді мекендерді абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Соңғы 4 жылда өңірде жүзден астам әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп, 1 мың шақырымға жуық жол жөнделді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта өңірде ондаған жаңа әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Олжас Бектенов облыс активіне жаңа әкім Болат Ақшолақовты таныстырды.
Премьер-министр Мемлекет басшысының өңір басшылығы алдына бірқатар маңызды міндеттер қойғанын атап өтті. Жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын жүзеге асыруға ерекше назар аудару қажет.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Атырау облысына жасаған сапары барысында берген тапсырмаларының, оның ішінде экологиялық жағдайды жақсарту, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және қалалық ортаны дамыту жөніндегі тапсырмаларының сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Өңдеу өнеркәсібі, туризм, IT және креативті индустрия салаларын дамыту арқылы өңір экономикасын әртараптандыру негізгі басымдықтар қатарында жатады. Облыс басшылығына бәсекелестікті ынталандыру, инвестиция тарту, еңбек өнімділігін арттыру тапсырылды. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақ пен инновациялық технологиялар паркінің әлеуетін толық пайдалану қажет.
Облыстың жаңа бас жоспарына сәйкес, орынсыз және заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін пәрменді шаралар қабылдау, аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктердің ұлғаюына назар аудару жүктелді. Сондай-ақ Атырау облысының жол-көлік жүйесін дамыту міндеті қойылды.
Жылу электр орталығын газға көшіру, кәсіпорындар мен автокөліктерден шығатын зиянды қалдықтардың деңгейін бақылау, тозған инженерлік желілерді уақытылы жаңарту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет.
Премьер-министр облыс активімен кездесуде жаңа Конституцияның қабылдануы ел дамуының жаңа кезеңін айқындағанын атап өтті.
Президенттің тапсырмасына сәйкес негізгі міндет – Әділетті әрі Озық Қазақстанды құру. Атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігі халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты нәтижелермен өлшенеді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Болат Оралұлы Ақшолақов Атырау облысының әкімі лауазымына тағайындалғанын жазған едік.