Басылымның мәліметінше, асыл тас Ботсвананың солтүстік-шығысындағы Карове кенішінен өндірілген. Бұл туралы канадалық тау-кен компаниясының басшысы Уильям Лэмб мәлімдеді.
– Бұл алмас Карове кенішінен өндірілді. Ол осы кеніштен табылған салмағы 1 мың караттан асатын оныншы алмас болды, – деді ол жергілікті SABC радиостанциясына.
Ірі алмас Mega Diamond Recovery рентгендік қондырғысының көмегімен анықталған. Бұл технология кенді ұсақтау кезеңіне дейін тау жынысының ішіндегі ірі алмастарды табуға мүмкіндік береді.
Карове кеніші толық өндірістік қуатына 2012 жылы шыққан. Ол әлемдегі аса ірі алмастар өндірілетін ең танымал кен орындарының бірі саналады. Мұнда бұған дейін Lesedi La Rona (1109 карат), Sewelo (1758 карат) және Motswedi (2488 карат) сияқты әйгілі алмастар табылған.
Қазіргі уақытта ашық әдіспен игеріліп жатқан карьердің тереңдігі 324 метрге жеткен. Компания 2028 жылдың басында пайдалануға берілетін жерасты кенішінің құрылысын бастап кетті. Оның жобалық тереңдігі 767 метрді құрайды, ал кен өндіру жұмыстары 2040 жылға дейін жалғасады.
Айта кетейік, осыған дейін ғалымдар пайдалы қазбаларды өндірудің жаңа технологиясын ойлап тапқаны туралы жаздық.