Бойжеткеннің жүргізуші куәлігін сатып алғаны жайындағы ақпаратты ҚР ІІМ тексеріп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ 20 жастағы Алматы тұрғынының жүргізуші куәлігін сатып алуына қатысты ақпарат тексеріліп жатыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің баспасөз хатшысы Ирина Лукьянина Фейсбуктағы парақшасында хабарлады.

«Жас қыздың жүргізуші куәлігі сатып алынды деп әлеуметтік желіге жариялауы фактісі бойынша тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге қыздың жүргізушілерді дайындайтын оқу ұйымында сәйкес оқытуға қатысқаны және жүргізуші куәлігін оның тіркеу орыны бойынша Алматы облыстық ІІД бергені белгілі», - деп жазды Ирина Лукьянина.

Еске сала кетсек, 20 жасар алматылық бойжеткен Инстаграм желісіне  өзіне жүргізуші куәлігін сатып әпергенін жариялап, әкесіне алғыс білдірген еді.