Іс материалдарына сәйкес, қылмыс 2026 жылғы 9 қаңтарда бірге ішімдік ішіп отырған кезде жасалған. Сотталушы мен дастарқан басында болған әйелдердің бірі арасында тұрмыстық жанжал туындап, кейін ол шабуылға ұласқан.
Сот мәліметінше, алдымен сотталушы әйелге дене жарақатын салған. Кейін пәтерге қайта оралып, сол сәтте ұйықтап жатқан ер адамға пышақпен өлімге әкелетін жарақаттар салған. Бұдан соң ол әйелге қайта шабуыл жасағанымен, жәбірленушіге дер кезінде медициналық көмек көрсетілгендіктен, қылмысын соңына дейін жеткізе алмаған.
– Пәтерге қайта оралған сотталушы жәбірленушінің бірге тұратын азаматы өзінен кек алуы мүмкін деп қауіптеніп, ол ұйықтап жатқанда өмірін қиюды шешкен, – деді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Қайырбеков.
Сот әйелді кісі өлтіру және адам өлтіруге оқталу баптары бойынша кінәлі деп танып, қылмыстар жиынтығы бойынша 16 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды.
Сондай-ақ сот бұрынғы үкім бойынша өтелмеген жаза мерзімінің бір бөлігін қосып, жазаны тағы алты айға ұзартты.
Сот мәліметінше, сотталған әйел өткен жылдың жазында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.
Айта кетейік, бұған дейін Екібастұзда кісі өлтірді және екінші адамды өлтіруге оқталды деген күдікпен әйелдің ұсталғаны хабарланған еді.