Екібастұзда бір адамды өлтіріп, екіншісіне пышақ жарақатын салған әйел ұсталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Алдын ала мәлімет бойынша Екібастұз қаласының тұрғыны ер адамды өлтіріп, әйелді пышақтап кеткен.

Екібастұзда айуандықпен адам өлтірген әйел ұсталды
Фото: Freepik

Telegram арнасында күдіктінің құрбандардың біріне тап берген бейнекадрлар тарады. Оқиға көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде болған. Видеодан қансыраған әйелдің баспалдақпен түсіп бара жатқанын көруге болады. Күдікті жәбірленушінің артынан келіп, оның денесіне соққы бере бастайды. Павлодар облысының полиция департаменті осы оқиға бойынша түсініктеме берді. Қылмыс 9 қаңтар күні Екібастұз қаласында болған.

— Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері тұрмыстық жанжал барысында мас күйде болған жанжалға қатысушылардың біріне бірнеше пышақ жарақаты салынғанын анықтады. Алған жарақаттарының салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар тағы бір әйел пышақ жарақатын алып, медициналық мекемеге жеткізілді, — деп жазды облыстық полиция департаменті.

Қазір күдікті қолға түсті, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адам өлтіру және кісі өлтіруге оқталу баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Зардап шеккен адам қазіргі уақытта аурухананың травматология бөлімшесіне жатқызылған. Денсаулығында оң динамика байқалады.

— 9 қаңтар күні зардап шегуші Екібастұз қалалық ауруханасына жамбас аймағында кесілген жарақаттармен түсіп, жедел түрде реанимация бөліміне жатқызылған. Әйелге медициналық көмек толық көлемде көрсетілді. Науқастың жағдайы тұрақты, оң динамикасы бар. Ол ақыл-есін жоғалтпаған, өздігінен тыныс алады. Бұған дейін жоғалтқан қаны толықтырылды. Зерттеу нәтижелері бойынша қосымша патология анықталған жоқ. Науқас одан әрі емдеу үшін травматология бөліміне ауыстырылды, — деп хабарлады өңірлік денсаулық сақтау басқармасынан.

Бұған дейін Атырау облысында Жангелді ауылының тұрғындарын өлтіру дерегі бойынша күдіктіге іздеу жарияланғаны туралы жаздық.

Соңғы жаңалықтар
Референдум