Бір ақталып, қайта қамалды: Атырау МӨЗ-дің экс-бас директорына түпкілікті үкім шықты

Фото: Kazinform

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-бас директоры Д. мен сатып алу департаменттің бұрынғы директоры С.-ға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Kazinform.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сотталушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігі 3-тармағымен айып тағылды.

Прокурор сотталушы Д.-ны мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бас бостандығын 7 жылға шектеу, ал С.-ны мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бас бостандығын 6 жыл 6 айға шектеу туралы сұрады.

Ал адвокаттар Д. мен С.-ның іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты оларды ақтауды сұрады. Сотталушылар да өздерінің кінәсіз екендігін білдірді.

Сот алқасы сотталушыларға жаза тағайындау кезінде ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабының талаптарын ескерген.

«Сотталушылардың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденді. Олар айып тағылған баппен кінәлі деп танылды. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының үкімімен Д.-ға мемлекеттік қызметте лазуазымды атқару құқығынан өмір бойына айыру, бас бостандығын 4 жыл 6 ай мерзімге шектеу жазасы тағайындалды. Ал С.-ның бас бостандығы 3 жыл 6 айға шектелді. Ол да мемлекеттік қызметте лазуазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылды», - деді облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Еске салайық, биылғы мамырда Атырау қаласының №2 сотының үкімімен Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Д. ақталып шыққан болатын.

Кейін Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы зауыттың экс-бас директорына қатысты ақтау туралы үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді.

Осыған байланысты қарашада облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-бас директорына қатысты іс қайта қарала бастады.

Қылмыстық істі қайта қарау кезінде сот алқасының қаулысымен Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры қамауға алынды.