- Бірыңғай тәсілдерді, қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту мақсатында көрсетілетін қызметті алушылар бойынша дербестендірілген қаржыландыруды ескере отырып, «бір бала – бір ваучер» қағидаты негізінде балаларға қосымша білім беруге арналған Бірыңғай мемлекеттік тапсырысты (шығармашылық, спорттық, білім беру тапсырыстары) орналастыру жөніндегі пилоттық жоба іске асырылды, - деді вице-министр.
Оның мәліметінше, пилоттық жоба 2025 жылғы маусымнан бастап Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Астана, Ақтөбе және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында Ұлттық білім беру деректер базасының модулі ретінде жұмыс істейтін және 18 мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланған OQU цифрлық платформасы енгізілді. Платформа арқылы балаларды кезекке қою, әмбебап және нысаналы ваучерлер беру, қосымша білім беру ұйымдарына қабылдау, сондай-ақ қаржылық есептілікті қалыптастыру және оған қол қою процестері автоматтандырылған.
- Сабаққа қатысуды есепке алу деректерінің анықтығын арттыру үшін Қарағанды облысында QR-сканерлеу, Қызылорда облысында Face ID технологиясы енгізілді. Цифрлық шешімдер есепке алудың ашықтығын қамтамасыз етуге және бұрын қолданыстағы жүйелерде тіркелмеген бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Пилоттық жоба барысында ваучерлердің қайталануын, деректерді ауыстыру және жалған контингент жағдайларын қоса алғанда 38 мыңнан астам бұзушылықтар мен ауытқулар анықталды, - деді Жайық Шарабасов.
Вице-министр жауабына қосымша берілген анықтамаған сәйкес:
- қайталанатын ваучерлері бар 2 650 бала,
- тұрғылықты жерінен тыс жерде білім беру ұйымдарына қабылданудың 1 937 фактісі,
- дербес деректерді алмастырудың 1 241 жағдайы,
- мемлекеттік дерекқорларда мәліметтері жоқ тұлғаларды қабылдаудың 311 фактісі әшкереленді.
2026 жылы пилоттық өңірлерде Бірыңғай мемлекеттік тапсырыс көлемі 88,5 млрд теңгені құрады. 2025 жылы бұл көрсеткіш 132 млрд теңге болған. Бұл ретте өңірлердің басым бөлігінде қаржыландырудың базалық нормативтері алдыңғы кезеңдегі деңгейде сақталған. Қосымша білім беру бағыттарының саны да тұрақты деңгейде қалып, қызмет көрсетушілер саны 1 670 ұйымды құрады. Пилоттық жобаны іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдар 2026 жылға 773 240 ваучер қарастырған. Оның 140 091-і - әмбебап, 633 149-ы - нысаналы ваучер.
- Сәйкестендіру және сабаққа қатысуды есепке алу жүйесін бақылау сапасын арттыру мақсатында қажетті технологиялар 1 670 ұйымға енгізілді. Олардың ішінде Face ID, QR-кодтау және Alaqan ID технологиялары кеңінен қолданылады. Пилоттық жобаның алдын ала нәтижелері шығармашылық, спорттық және білім беру бағыттарындағы мемлекеттік тапсырыстарды бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру, инфрақұрылымды белгіленген талаптарға сәйкестендіру, дербестендірілген қаржыландыруды енгізу және бірыңғай кезек қалыптастыру қосымша білім берудің қолданыстағы моделіндегі негізгі жүйелік проблемаларды шешуге мүмкіндік беретінін көрсетті. Пилоттық жоба бастаманы одан әрі кеңейтуге негіз болды, - деді вице-министр.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткішінің төмендеуіне не себеп болғанын атаған еді.