Бір донор жылына қанша рет қан тапсыра алады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қан доноры болуға ниетті азаматтар үшін қан тапсыру жиілігіне қатысты нақты талаптар белгіленген. Бұл туралы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында айтып берді. Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы Қоғаммен байланыс және ынтымақтастық бөлімінің басшысы Алма Демеуованың сөзінше, донордың қан немесе оның компоненттерін тапсыру жиілігі әр азаматтың денсаулық жағдайына байланысты белгіленеді.

Фото: Pixabay.com

— Қазақстан Республикасының қолданыстағы талаптарына сәйкес, донордың қан немесе оның компоненттерін тапсыру аралығы оның денсаулық жағдайына, медициналық тексеру нәтижелеріне және тапсырылатын қан компонентінің түріне қарай белгіленеді. Осыған сәйкес, толық қанды ер адамдар жылына алты ретке дейін, ал әйел адамдар төрт ретке дейін тапсыра алады. Ал тромбоциттерді арнайы аппараттық әдіспен әр екі апта сайын тапсыруға болады, — деді спикер.

Сондай-ақ, әрбір донация алдында донор міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. 

— Тексеру қорытындысына сәйкес дәрігер донордың денсаулық жағдайын бағалап, қан немесе оның компоненттерін тапсыруға рұқсат береді. Осылайша, донорлықтың жиілігі әр адамның денсаулық көрсеткіштеріне байланысты жеке бағаланады, — деді Алма Демеуова.

Бөлім басшысының айтуынша, мұнда толық қаннан бөлек, тромбоциттерді аппараттық әдіспен тапсыру тәртібі де қарастырылған.

Айта кетейік, соңғы 10 жылда елімізде 1,6 млн-нан астам адам қан тапсырған.