Бір сыныпта 40 оқушы: Астана мектептеріндегі мәселе білім сапасына қалай әсер етеді

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жыл сайын жаңа мектеп ашылып жатыр. Соған қарамастан, кей сыныптарда 35–40 бала білім алады. Бүгін бұл мәселе оқушы орнының жетіспеуімен түсіндіріледі, ал ертең оның зардабын кім тартады? Мұғалімнің назарынан тыс қалған, сабақты толық меңгермеген балалардың біліміндегі олқылық жылдар бойы жиналса, оның салдары қандай болмақ? Kazinform тілшісі мәселенің көп айтыла бермейтін осы жағына үңіліп көрді.

Фото: Коллаж: Kazinform/ Nano Bananа

Мектеп бар, бірақ орын жоқ

Елордадағы № 85 мектеп-лицейі 1200 орынға есептелген. Алайда бүгінде мұнда 3187 оқушы білім алады. № 84 мектеп-лицейінің де жобалық сыйымдылығы 1200 орын болғанымен, оқушылар саны 2938-ге жеткен. Екі білім ордасы да екі ауысыммен жұмыс істейді.
Астана қаласының Білім басқармасы Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында № 84 мектепте 35-тен астам оқушысы бар 14 сынып, ал № 85 мектепте 37-ден астам бала оқитын бес сынып бар екенін хабарлады. Мұндай жағдайға оқу кабинеттері мен педагогтердің жетіспеуі себеп болып отыр.

Бұл екі мектептегі ахуал елордадағы жалпы мәселенің бір көрінісі ғана. Басқарманың 2026 жылғы 18 қыркүйектегі мәліметінше, Астанада 209 мектеп жұмыс істейді. Онда 333 742 оқушы білім алып жатыр. Қаладағы 24 мектепте оқушы орны жетіспейді. Тапшылық 20 863 орынды құрайды.

Бір қызығы, Білім басқармасы сыныптардағы оқушы санының көп болуы оқу процесін ұйымдастыруға және педагогтердің жұмыс жүктемесіне кері әсер етпейтінін мәлімдеген.

Алайда мұндай тұжырым бірқатар сұрақ туғызады. Егер бір сыныпта 35–40 бала отырса, мұғалім олардың әрқайсысының білім деңгейін қаншалықты бақылай алады? Сабақты түсінбей отырған оқушыны дер кезінде анықтауға мүмкіндігі жете ме? Ең бастысы, бала санының көптігі білім сапасына шынымен әсер етпей ме?

Қазақстанның құрметті ұстазы, қоғам белсендісі, қоғам қайраткері Өмір Шыныбекұлы мұндай жағдайда әр оқушымен жеке жұмыс істеу мүмкіндігі айтарлықтай шектелетінін айтады.

— 35–40 балалық сыныпта мұғалімнің ең үлкен мәселесі — әр балаға жеке көңіл бөле алмауы. Кім түсінді, кім түсінбеді, кімге қосымша көмек керек — бәрін бірдей бақылау қиын. Мұндай жағдайда сабақ көбіне орташа деңгейге бейімделеді: озат балаға даму жетіспейді, әлсіз оқушы назардан тыс қалады, — дейді педагог.

Оның айтуынша, әсіресе, сабақты түсінбесе де, мұғалімге сұрақ қоймайтын балалардың жағдайы алаңдатады. 

Фото: Өмір Шыныбекұлының әлеуметтік желісінен

— Ең қауіптісі — тыныш отырған, бірақ сабақты түсінбеген бала. Ол тәртіп бұзбайды, сұрақ қоймайды, сондықтан мұғалімнің назарынан тыс қалуы мүмкін. Сырт көзге бәрі қалыпты көрінгенімен, оның біліміндегі кемшілік біртіндеп ұлғая беруі мүмкін, — дейді Өмір Шыныбекұлы.

Құрылтай депутаты Айнагүл Балташева да сыныптағы бала саны білім сапасына тікелей әсер ететінін атап өтеді. Оның Kazinform сауалына берген жауабында оқушылар көбейген сайын мұғалімнің әр баламен жеке жұмыс істеуі қиындайтыны, біліміндегі олқылықтарды уақытылы анықтау мүмкіндігі шектелетіні айтылған.

— Сыныптағы оқушылар саны — оқу процесінің сапасына тікелей ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Оқушы саны артқан сайын мұғалімнің әр балаға жеке көңіл бөлуіне, оның оқу материалын меңгеру деңгейін бақылауына және біліміндегі олқылықтарды дер кезінде анықтауына қосымша уақыт пен күш қажет. Мұндай жағдайда мұғалімнің жеке жұмыс жүргізу мүмкіндігі шектеліп, оқушылардың қабілеті мен білімді қабылдау ерекшеліктеріне қарай сараланған оқытуды ұйымдастыруды күрделендіруі мүмкін. Әсіресе, бастауыш сыныптарда баланың оқу дағдыларын қалыптастыру, оқу материалын меңгеруіндегі қиындықтарды уақытылы анықтау және педагогикалық қолдау көрсету айрықша маңызды, — деді халық қалаулысы.

Спикердің мәліметінше, елордада бір сыныптағы оқушы саны орта есеппен 25–27 баланы құрайды. Дегенмен бұл көрсеткіш жекелеген мектептердегі нақты жағдайды толық сипаттай алмайды. Мәселен, № 84 және № 85 мектептердегі 35-тен, тіпті 37-ден асатын сыныптар жалпы орташа көрсеткіштің тасасында қалып отыр.

Демек, мәселені тек қала бойынша орташа есеппен бағалау жеткіліксіз. Өйткені бір мектепте 20 бала оқитын сынып пен екіншісіндегі 40 балалық сыныптың оқу жағдайы бірдей емес.

Бүгінгі олқылық ертең әлеуметтік мәселеге айналмай ма

Мектеп тапшылығы туралы сөз болғанда, әдетте қанша орын жетіспейтіні, қанша жаңа ғимарат салынатыны айтылады. Бірақ бұл мәселенің көзге бірден көрінбейтін салдары бар.

Фото: Коллаж: Kazinform/ Nano Bananа

Мәселен, сарапшылар бастауыш сыныпта көбейту кестесін немесе мәтінді түсініп оқуды толық меңгермеген бала келесі сыныпқа көшетінін, жаңа тақырыптар бұрынғы білімге сүйенетіндіктен, оның оқу үлгеріміндегі қиындықтар уақыт өте күрделене түсуі мүмкін екенін айтады. 

— Бір тақырыпты түсінбеу келесі тақырыпты меңгеруге кедергі келтіреді. Ал мұғалім әр баламен жеке жұмыс істеуге үлгермесе, бұл олқылықтың дер кезінде анықталмай қалу қаупі артады. Мұндай жағдай ұзаққа созылса, үш негізгі мәселе туындауы мүмкін. Біріншісі — оқушылардың базалық білімінің әлсіреуі. Екіншісі — қосымша сабақ пен репетиторға тәуелділіктің артуы. Үшіншісі — мұғалімдердің кәсіби шаршауы мен кадр тапшылығының күшеюі, — дейді Өмір Шыныбекұлы.

Ұстаздың пікірінше, бір сыныпта 20–25 баланың білім алғаны қолайлы. Ал 25–30 оқушысы бар сыныпта сабақ ұйымдастыруға мүмкіндік болғанымен, 35–40 баланы қалыпты жағдай деп қабылдауға болмайды.

Педагог мұндай сыныптарда жұмыс істейтін мұғалімдердің де жағдайына назар аудару қажеттігін айтады. Өйткені оқушы көбейген сайын тек сабақ өткізу емес, дәптер тексеру, білімді бағалау, ата-анамен байланыс орнату сияқты жұмыстардың көлемі ұлғаяды.

— Ұзақ мерзімде мұндай жүктеме педагогтердің кәсіби қажуына әкелуі мүмкін. Ал мұғалімдердің жұмыстан кетуі немесе мамандыққа деген қызығушылығының төмендеуі кадр тапшылығын одан әрі күрделендіруі ықтимал, — деді спикер. 

Жаңа мектептер мәселені неге толық шешпей отыр

Құрылтай депутаты Айнагүл Балташеваның мәліметінше, 2023–2025 жылдары Астанада екі ауысымда 100 мыңнан астам оқушыға арналған 44 мектеп ашылған. Оның 23-і «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған.

Атап айтқанда, 2023 жылы екі ауысымда 14 300 оқушыға арналған 10 мектеп, 2024 жылы 64 030 орындық 25 мектеп, ал 2025 жылы 31 200 орындық тоғыз мектеп пайдалануға берілді. Биыл тағы 16,4 мың оқушыға арналған 12 мектепті кезең-кезеңімен ашу жоспарланған. Алайда, Астана білім басқармасының мәліметінше, елордадағы оқушы орындарының тапшылығы шамамен 20 863 орынды құрайды. 

Осы тұста жаңа мектептер көптеп салынып жатса да, оқушы орындарының тапшылығы неге әлі шешілмей отыр деген сұрақ туындайды.
Құрылтай депутаты Айнагүл Балташева мұны қала халқының өсуімен, жаңа тұрғын үй кешендерінің көптеп салынуымен және балалардың жекелеген аудандарда шоғырлануымен байланыстырады.

Фото: Айнагүл Балташеваның жеке мұрағатынан

— Жаңа мектептердің басым бөлігі халық саны мен оқушы контингенті қарқынды өсіп келе жатқан Нұра, Есіл, Алматы, және Сарайшық аудандарында орналасқан. Қазіргі кезде қабылданған шаралардың нәтижесінде қаладағы үш ауысымды оқыту мәселесі шешілді. Бұл ретте мәселені тек жаңа мектептер салу арқылы ғана емес, білім беру нысандарын қала құрылысының жоспарларымен үйлестіру, оқушы орындарына деген сұранысты алдын ала болжау және мектеп инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту арқылы шешу қажет, — деді ол.

Өмір Шыныбекұлының пікірінше, мұндай жағдайды алдын ала болжауға болады. Ол үшін әкімдіктерде халық санының өсуі мен балалардың жас ерекшеліктері туралы нақты мәлімет болуы керек.

— Әрбір әкімнің, әкімдіктегі әрбір басқарма басшысының жұмыс үстелінде ең соңғы демографиялық мәлімет жатуы тиіс. Әкімдік «Биыл пәлен шақалақ дүниеге келді, яғни екі жылдан соң балабақшада пәлен орын болуы керек. Алты-жеті жылдан кейін мектеп табалдырығын пәлен бала аттайды» деп жоспарлап отыруы тиіс, — дейді педагог.

Бұл пікірмен депутаттың ұстанымы да үндеседі. Айнагүл Балташева тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жоспарларын өзара үйлестіру қажеттігін атап өтеді. Оның айтуынша, осы бағыттағы жұмыс алдағы жылдары да жалғасады. 

— 2027-2028 жылы бюджет қаражаты есебінен екі ауысымда 66 мың оқушы орнына арналған 24 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал 2030 жылға дейін 118 мың орындық 59 мектепті пайдалануға беру көзделіп отыр. Басты мақсат — мектеп тапшылығын сандық көрсеткіштермен ғана емес, әр баланың қолайлы жағдайда білім алуына мүмкіндік жасау арқылы шешу. Сондықтан жаңа мектептер салумен қатар, оқушы орындарына деген сұранысты тиімді жоспарлау және білім беру сапасын сақтау мәселелері де тұрақты бақылауда болады, — деп түйіндеді халық қалаулысы. 

Қорыта келе, бұл жоспар елордадағы мектеп тапшылығын азайтуға мүмкіндік беруі мүмкін. Алайда мәселе тек жаңа мектептер мен оқушы орындарының санында емес. Ең бастысы — сыныптардағы бала саны азайып, әр оқушының сапалы білім алуына жағдай жасалуы керек. Өйткені бүгін жетіспеген мектеп орнын ертең толықтыруға болады. Ал баланың біліміндегі жылдар бойы жиналған олқылықтың орнын толтыру әлдеқайда қиын.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада мектеп гардеробындағы кептеліс үшін директор қызметінен босатылғаны жайлы жазған едік.