Астанада мектеп гардеробындағы кептеліс үшін директор қызметінен босатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы мектептердің бірінде оқушылардың киім ілетін жерде қысылып қалғаны туралы видео тарады. Осыдан кейін мектеп директоры қызметінен босатылды. 

Астанада мектеп гардеробындағы кептеліс үшін директор қызметінен босатылды
Фото: Kazinform/ЖИ

Видео Instagram желісінде жарияланды. Онда киім ілетін орынның алдында көп оқушының бір мезетте жиналғанын көруге болады. Видео авторларының айтуынша, мұндай жағдай үнемі қайталанады. Сондай-ақ оқушылардың бірі көпшіліктің арасында қысылып, құлап, есінен танып қалғаны айтылған.

Астаналық Білім басқармасы мәліметінше, жағдай екінші ауысымдағы сабақ кестесіне байланысты болған. Бір уақытта жеті сыныптың сабағы аяқталып, оқушылар сырт киімдерін алуға топтасқан.

— Бейнебақылау камераларындағы жазбалар тексеріліп, оқушының құлап, есінен танып қалғаны туралы ақпарат расталмады. Мектеп директоры қызметінен босатылды, — деп хабарлады ведомство.

Оқиғадан кейін мектепте киім ілетін жерде қызметкерлердің бақылауы мен кезекшілігі күшейтілді. Сонымен қатар оқушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылданған.

Бұған дейін ШҚО-да балалардың сапалы білім алу құқықтарының өрескел бұзылғаны анықталған еді.