Бразилия телеарнасында жас жас өнерпаз Димаш Құдайбергенге тәнті екенін айтты

АСТАНА. KAZINFORM - Бразилияның Domingo Espetacular телебағдарламасында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы және оның жас музыканттардың кәсіби қалыптасуына тигізген ықпалы туралы баяндалды, деп хабарлайды Dimashnews .

Фото: Qarmet

Димаштың есімі ерекше вокалдық қабілетінің арқасында әлеуметтік желілерде кеңінен танылған 21 жастағы бразилиялық әнші Вандерлей Жуниорға (Vanderlei Júnior) арналған телесюжетте аталды.

Сұхбат барысында жас өнерпаз Димаш Құдайбергеннің шығармашылығымен алғаш рет 13 жасында танысқаны туралы айтты. Дәл осы кезеңде оның классикалық вокал өнеріне деген қызығушылығы оянған екен.

-13 жасымда мен Димаш есімді әншінің өнеріне ерекше тәнті болдым. Ол – Қазақстанның тумасы екен. Оның үні әлемдегі ең ғажайып дауыстардың бірі деп есептеймін. Димаштың әндерін тыңдай жүріп, классикалық музыка әлемін тани бастадым. Сол кезде: «Мен де сол сияқты болғым келеді», – деп ойлағаным есімде. Оның өнері мені қанаттандырды», – деп бөлісті Вандерлей.

Қазіргі уақытта бразилиялық жас талант кәсіби музыкалық жолын қалыптастырып, опера өнерінің биік белестерін бағындыруға ұмтылуда.

Осыған дейін Мексикадағы Dears қауымдастығына Димаш туралы 60 кітап табысталғаны туралы жаздық.