БРАЗИЛИЯ. ҚазАқпарат – Бразилияның бұрынғы әділет министрі Андерсон Торрес қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат reuters-ке сілтеме жасап.
Андерсон Торрес осыдан бір апта бұрын Бразилиада үкіметтік ғимараттар басып алынған кезде қоғамдық қауіпсіздікке жуапты болған. Ол тәртіпсіздіктер кезінде «әрекетсіздік» пен «жол берушілік» бойынша күдікке ілінді.
Андерсон Торрес Флоридада еңбек демалысында болған. АҚШ-тың осы штатына Торрестің бұрынғы бастығы, яғни экс-президент Жаир Болсонару өткен жылғы сайлаудағы жеңілісінен кейін аттанған еді. Андерсон Торрес Бразилиаға оралған бойда ұсталды.
Еске салсақ, Бразилияда жаңа жыл ірі қақтығыстардан басталды. 8 қаңтарда Бразилияның астанасы Бразилиа қаласында былтырғы президент сайлауы нәтижесін мойындамайтын бұрынғы президент Жаир Болсонарудың жақтастары жаппай шеруге шығып, полициямен қақтығысып, мемлекеттік ғимараттарды басып алды.
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.