Бразилиядағы қақтығыс: халық неге көшеге шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бразилияда жаңа жыл үлкен қақтығыстардан басталды. 8 қаңтарда Бразилияның астанасы Бразилиа қаласында былтырғы президент сайлауы нәтижесін мойындамайтын бұрынғы президент Жаир Болсонарудың жақтастары жаппай шеруге шығып, полициямен қақтығысып, мемлекеттік ғимараттарды басып алды. Шабуыл үш сағатқа созылып, елдің құқық қорғау органдары үкіметтік ғимараттарды азат етті.

Осыған орай, Бразилиядағы қақтығыстың себеп-салдары қандай, жаңадан президент болып сайланған Луис Инасиу Лула да Силва кім, жалпы елдегі қазіргі жағдай туралы материал дайындауды жөн көрдік.

Бразилиядағы қақтығыстың себеп-салдары

2022 жылдың 30 қазанындағы Бразилияда өткен президент сайлауында Луис Инасиу Лула да Силва жеңіске жетіп, билікке қайта оралды. Ол 2003-2010 жылдары да мемлекетті басқарған болатын. Сайлаудың бірінші турында үміткерлердің ешқайсысы жеткілікті дауыс жинай алған жоқ. Тек екінші турда ғана кімнің президент болатыны белгілі болды. Жаңа президент Луис Инасиу Лула да Силваға сайлаушылардың 50,9 пайызы дауыс берсе, сол кездегі президент Жаир Болсонаруды қолдағандар саны 49,1 пайызды құраған. Осылайша, небәрі бір-ақ пайыз айырмашылықпен Луис Инасиу Лула да Силва Браизилияның жаңа президенті болып сайланды. Кейін 22 қарашада Болсонару электронды сайлау жәшіктерінің дұрыс жұмыс істемегенін айтып, Бразилияның ең жоғары сайлау сотына шағым түсірген еді. Алайда оның арызы қаралған жоқ. Сөйтіп, биылғы 1 қаңтарда Бразилияда 13 жылға жуық үзілістен кейін президент лауазымына қайта келген да Силваның инаугурациясы өтіп, ол заңды түрде қызметіне кірісті.

Фото: dknews.kz

Лула да Силваның ұлықтау рәсімінен кейін бір апта өткенде, яғни 8 қаңтарда бұрынғы президент Жаир Болсонарудың жақтастары оның сайлауда жеңілгенін мойындаудан бас тартып, ел астанасы Бразилиадағы парламент мен басқа да үкіметтік ғимараттарға шабуыл жасады.

«Correio Brasiliense» басылымының хабарлауынша, экс-президентті қолдаушылар Ұлттық конгресс ғимаратына басып кірген. Оқиға орнынан түсірілген фотосуреттерден жүздеген адамның аталған ғимаратқа баса көктеп еніп бара жатқанын байқауға болады. Олардың көпшілігі футболдан ұлттық құрамасының сары жейдесін киіп алған. Сайлаудан бері бұл форма Жаир Болсонару жақтастарының ерекше символына айналған еді.

Фото: belta.by

Кейбір мәліметтерге сәйкес, Президент Луис Инасиу Лула да Силва митинг басталған тұста Сан-Паулу штатында жұмыс сапарымен жүрген. Бірқатар БАҚ оны Бразилиядан эвакуациялады деп те жазған. Президент шеруге шыққандарды айыптап, олардың қылықтарына «вандализм мен фашизм әрекеті» деп баға берді. Оның айтуынша, ел тарихында мұндай оқиға бұрын-соңды болмаған.

«Олар нағыз вандалдарға ұқсап, көз алдындағысының бәрін қырып-жойып жатыр. Қауіпсіздік дұрыс қамтамасыз етілмеген. Мұны істегендердің бәрі жазаланатын болады»,-деді президент да Силва.

Фото: Adriano Machado/Reuters

Шеруге шыққандар тек Ұлттық конгресті ғана емес, президент сарайы мен Жоғарғы соттың ғимаратына да басып кірді. Осылайша, шабуыл үш сағатқа созылған. Соңғы мәліметтер бойынша, полиция ғимараттарды шерушілерден азат етіп, 400-ден астам адамды қамауға алды. Тәртіп сақшылары наразылық білдірушілерге қарсы газ, көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ қолданған. Бұған жауап ретінде демонстранттар көліктерді өртеп, полицияға тас лақтырған. Алдын-ала болжам бойынша, шеруге 5 мыңнан астам адам қатысқан.

Қазіргі таңда бұрынғы президент Жаир Болсонару АҚШ-тың Флорида штатында, ол Бразилиядағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.

Луис Инасиу Лула да Силва кім?

Мемлекеттік және саяси қайраткер, елдің қазіргі президенті Луис Инасиу Лула да Силва 1945 жылы 27 қазанда Бразилияның Гараньюнс қаласында дүниеге келген. Ол металлургиялық зауытта жұмыс істеді. Кейін жонушы (токарь) мамандығын алды. Сөйтіп, Сан-Бернардо-ду-Кампудағы Industrias Villares зауытына жұмысқа орналасты. 1964 жылдан Еңбекшілер одағы кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі болды. 1980 жылы ол центристік-солшыл Жұмысшылар партиясының негізін қалаушылардың бірі болды. Осы партияның бірінші ұлттық съезінде төрағасы болып сайланды, бұл қызметті 1994 жылға дейін атқарып, содан кейін партияның құрметті төрағасы атанған. Кейіннен түрлі саяси позицияларда қызмет етті.

Фото: Carla Carniel/Reuters

Бразилияда тікелей президент сайлауы енгізілген соң ол 1989, 1994, 1998 жылдары сайлауға түсті. Алайда тек 2002 жылы президент болып сайланды (2003 жылы 1 қаңтарда ұлықтау рәсімі өтті). Ал 2006 жылы 60,8 пайыз дауыс жинап, жаңа мерзімге қайта сайланды.

Ашық дереккөздерге сенсек, Лула да Силваның президенттігі кезінде Бразилия 1980 жылдардан бергі сыртқы қарызын өтеп, инвестиция салуға қолайлы мемлекетке айналған. Елде қатаң қаржылық саясат жүргізіліп, оның ішінде инфляциямен күресу мақсатында елдегі кедейшілік деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін әлеуметтік бағдарламалар кешені іске асырылды.

Кейін президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін Лула да Силва 2011 жылдан бастап «Лула институты» деп аталып кеткен Азаматтық институтта жұмыс істеп, дәріс оқыды.

2015 жылы жемқорлықпен айналысты деген айыппен тергеуге алынды. 2017 жылы да Силваны сот кінәлі деп танып, 9,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда ол 580 күн ғана қамауда болып, 2019 жылдың 8 қарашасында босап шықты. Ал 2021 жылдың наурызында Жоғарғы сотта оған қатысты үкімдердің күші жойылды. 2022 жылдың шілдесінде ол президенттік сайлауда Жұмысшылар партиясының атынан кандидат болды.

Фото: cointribune.com

Лула да Силва сайлауалды бағдарламасында кедейшілікпен, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге, мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға және қару-жарақ айналымына қатысты ережелерді қатайтуға уәде берді.

Сарапшылардың пайымынша, Бразилиядағы былтырғы сайлауда көпшілік болжамаған нәтиже тіркелді. Өйткені оңшыл ұлтшыл көзқарастағы Жаир Болсонару мен социалист Лулу да Силва арасындағы бәсекенің тағдырын небәрі 1 пайыз дауыс шешіп кетті.

Жаир Болсонару президент тұсында қандай мәселелерге екпін қойды?

Фото: IMAGO/Ton Molina / www.imago-images.de / Global Look Press

Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонару ауруханаға түскен. Ол Луис Инасиу Лула да Силваны ұлықтаудан екі күн бұрын АҚШ-қа кеткені айтылған болатын. Болсонару АҚШ-та қаңтар айының соңына дейін болуды жоспарлаған, алайда қазір дәрігерлеріне қаралу үшін Бразилияға ертерек қайтпақшы.

Болсонару алғаш рет 2018 жылдың күзінде президент болып сайланды және 2019 жылдың қаңтарында қызметіне кіріскен болатын.

Оның алғашқы жарлықтарының бірі қару сатып алу және өзімен алып жүру ережелерін жеңілдетуге қатысты болды. Сонымен бірге 2019 жылдың қазан айында президент зейнетке шығу жасты (ерлер үшін 60-тан 65-ке және әйелдер үшін 55-тен 62-ге дейін) ұзартып, зейнетақы жарналарының прогрессивті шкаласын енгізуді көздейтін реформа жобасын парламенттен өткізген еді.

Болсонару билік басында болған жылдары Бразилияда адам өлтіру көрсеткіші азайды, бұны оның әкімшілігінің жетістігі деп санауға болады. Мысалы, 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында 6,85 мың жағдай тіркелген, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 20 пайызға аз.

Фото: © AFP 2023 / EVARISTO SA

Пеленің өлімі демонстранттарды жоспарын кейінге шегеруге мәжбүрледі

Жалпы бұған дейін де сарапшылар сайлау нәтижесі қандай болса да, саяси бәсекеде кім жеңсе де елде толқулар болуы мүмкін екенін айтқан болатын. Өйткені сауалнамалар мен президенттік сайлау нәтижелеріне сәйкес, елде қазіргі президент да Силва мен бұрынғы президент Болсонарудың жақтастарының саны шамамен тең болған. Оны бірінші және екінші турдың нәтижесінен де байқап отырмыз. Дегенмен Лула да Силваны ұлықтау рәсімі 1 қаңтарда өткенімен, экс-президент жақтаушылары тек бір аптадан кейін ғана шеруге шығып отыр. Кейбір мамандар реакцияның бұлай кеш болуын елдегі үш күндік аза тұтумен байланыстырады.

Еске салайық, өткен жылдың 29 желтоқсанында аты аңызға айналған футболшы Пеле қатерлі ісік ауруынан 82 жасында қайтыс болды. 2021 жылы оның тоқ ішегіне ота жасалып, содан бері емделген еді. Оның жерлеу рәсімі 3 қаңтарда өтті.

Бразилия үкіметі аты аңызға айналған футболшы, әлемнің үш дүркін чемпионы Пеленің қайтыс болуына байланысты елде 29-31 желтоқсан аралығында аза тұту жариялады.

Пеле (шын аты Эдсон Арантес ду Насименто) – ұлттық құрама сапында үш рет әлем чемпионы атанған тарихтағы жалғыз футболшы (1958, 1962, 1970). Ол Бразилия құрамасы сапында 92 матч өткізіп, 77 гол соққан. 2000 жылы ФИФА Пеле мен аргентиналық Диего Марадонаны ХХ ғасырдың үздік футболшылары деп атады.

Бразилиядағы оқиғаға әлемнің реакциясы қандай болды?

АҚШ, Испания, Португалия, Франция және Италия билігі Бразилиядағы шерулерді айыптап, президент Луис Инасиу Лула да Силваны қолдайтынын білдірді.

«Мен Бразилиядағы демократияға қол сұғу әрекетін айыптаймын. Елдің демократиялық институттарын біз толық қолдаймыз және Бразилия халқының ерік-жігеріне еш нұқсан келтірілмеу керек. Мен президент Лула да Силвамен жұмысты жалғастыратынымызды асыға күтемін», - деді АҚШ президенті Джо Байден өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Фото: Adriano Machado/Reuters

Испания премьер-министрі Педро Санчес те Бразилияның қазіргі президентін қолдайтынын білдірді. Ол: «Мен президент Лула да Силваны және Бразилия халқы еркін және демократиялық жолмен сайлаған институттарды қолдаймын. Біз Бразилия Конгресіне жасалған шабуылды қатаң айыптаймыз және демократиялық қалыпты жағдайға оралуға шақырамыз», - деп жазды Санчес.

Португалия үкіметі де Бразилия астанасындағы «зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздіктерді» айыптап мәлімдеме жасады. Сонымен қоса Франция президенті Эмманюэль Макрон да басқа әлемдік көшбасшыларға қосылып, Бразилия президентін қолдады. «Бразилия халқы мен демократиялық институттардың қалауын құрметтеу керек! Президент Лула да Силва Францияның сөзсіз қолдауына ие», - деп жазды Макрон өзінің парақшасында.

Фото: © AFP 2022 / MIGUEL SCHINCARIOL

Бразилиядағы тәртіпсіздікті Италия премьер-министрі Джорджа Мелони, Еуропалық Одақ президенті Шарль Мишель және Еуроодақтың бас дипломаты Жосеп Боррель де айыптап, елдің қазіргі билігін қолдайтынын жеткізді.

Қазіргі уақытта CNN Brasil арнасының хабарлауынша, үш негізгі үкімет ғимараты - Жоғарғы сот, президент сарайы және парламент ғимараты наразылық білдірушілерден азат етілген.

Елде 31 қаңтарға дейін Төтенше жағдай режимі жарияланды

Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва ел астанасындағы тәртіпсіздіктерге байланысты айдың соңына дейін төтенше жағдай жариялады. Қаулыға сәйкес, енгізілген шараның мақсаты «қоғамдық тәртіпті өрескел бұзуды тоқтату» болып отыр. Мемлекет басшысы федералдық күштерді қолдануға бұйрық берді. Ол үкімет ғимараттарына шабуыл жасағандарды «фашистер» деп атап, олардың міндетті түрде жазаланатынын қадап айтты.

Фото: © Matheus Alves. / dpa / globallookpress

«...Мұны жасаған адамдар табылып, міндетті түрде жазасын алады. Демократия сөз бостандығына кепілдік береді, сонымен қатар адамдардан институттарды құрметтеуін талап етеді. Сонымен қоса оларды қаржылай қолдап, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғандарды да табамыз», - деді ол өз сөзінде.

Жалпы Бразилияда сайлау нәтижесіне қарсы наразылық акциялары бұған дейін айтарлықтай байқала қойған жоқ. Болсонарудың жақтастары жолдарды жауып, әр жерде шатыр тігумен ғана шектелген еді. Оның үстіне, Жаир Болсонарудың өзі жеңілгенін мойындап, «ел азаматы ретінде Конституцияға бағынатынын» айтты. Дегенмен кеше, яғни 8 қаңтарда бұрынғы президенттің жақтастары митингке шығып, мемлекеттік ғимараттарға шабуыл жасады. Қазіргі таңда аталған нысандар азат етіліп, 400-ге жуық адам ұсталған.

Фото: © REUTERS/Antonio Cascio

Фото: Adriano Machado/Reuters

Фото:Adriano Machado/Reuters

Фото: Adriano Machado / Reuters

Басты фото: Adriano Machado/Reuters



Соңғы жаңалықтар