Бірде-бір мұқтаж қазақстандық қолдаусыз қалмайды — Еңбек министрі

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев әлеуметтік қорғау саласында қолданылатын атаулылық принциптерін таныстырып жатыр.

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Министр басты принцип бойынша мемлекеттік қолдау ең алдымен, өз еркімен қажеттілігін қамтамасыз ете алмайтын адамдарға көрсетілуі керегін айтты.

— Бірде-бір мұқтаж қазақстандық қолдаусыз қалмайды. Бұл — әлеуметтік қолдаудың басты қағидаты. Қазақстан — әлеуметтік мемлекет болып саналады. Біз жәрдемақыны формальды тағайындаудан отбасының нақты мұқтаждық деңгейін бағалауға көшіп жатырмыз. Мұнда отбасының мүліктік және әлеуметтік жағдайы бағаланады, — деді А. Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 30 қыркүйекте бекітілген Әлеуметтік әл-ауқат деңгейін айқындаудың жаңа әдістемесі бекітілді. Оның алдындағы 2023 жылғы әдістеме 1 қаңтарда күшін жояды.

Еске сала кетсек, Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесі толық көлемде іске қосылады.

Бұған дейін Құрылтай депутаты Ләззат Қожахмет жұмыс істейтін әйелдердің декреттік төлемі сақталатынын айтқан еді.