«Бірыңғай медиа-платформа» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр

Фото: shko.salyq.kz

АСТАНА. KAZINFORM – «Бірыңғай медиа-платформа» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

– Қазіргі уақытта «Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасы» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйеде 80 мыңнан астам кітаптар, диссертациялар, газеттер мен журналдардың электрондық көшірмелері жинақталған. Бүгінде ақпарат саласындағы процестерді автоматтандыру мен жүйелеу үшін «Бірыңғай медиа-платформа» ақпараттық жүйесін құру жұмыстары істелініп жатыр. Жүйені құру мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қажетті жұмыстарды атқаруда, - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, аталған платформа газеттер мен журналдардың міндетті тегін даналарын сақтауға арналған және оқырмандар мен қоғамға қажетті материалдарды пайдалану үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Алдағы уақытта «Бірыңғай медиа-платформа» мен «Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасы» ақпараттық жүйелері интеграцияланады. Екі жүйені интеграциялау барысында газеттер мен журналдарды есепке алу, оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету, электрондық және цифрлық форматқа көшіру бойынша бірыңғай қағидаларды әзірленіп, бекітіледі, - деді Олжас Бектенов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда салалық ЖИ модельдер құрылатынын хабарлаған едік.