Брисбен турнирі: Юлия Путинцеваның қарсыласы анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Аустралияда теннистен жылдың алғашқы додасы — Брисбен WTA 500 турнирі іріктеу сайысының жеребесі тартылды.
Әлемнің 71-інші, іріктеудің 2-ракеткасы, қазақстандық Юлия Путинцева бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 119-орында тұрған корт иесі Присцилла Хонмен өткізеді.
Матч 2 қаңтар күні Қазақстан уақытымен сағат 08.00-ге белгіленген.
Ю.Путинцева аустралиялық теннисшіні жеңген жағдайда әлемнің 70-ракеткасы, хорватиялық Антония Рузич немесе рейтингіде 143-сатыдағы өзбекстандық Мария Тимофееваның біреуімен кездеседі.
Негізгі жарыс 4-11 қаңтар аралығында өтеді. Онда турнирдің 2024 жылғы жеңімпазы, әлемнің 5-ракеткасы, қазақстандық Елена Рыбакина өнер көрсетеді.
Өткен жылы мұнда әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко үздік шыққан болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аружан Сағындықованың Үндістандағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған едік.