Бірқатар дәрілік заттар мен медициналық қызметтер қосылған құн салығынан босатылады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар дәрілік заттар мен медициналық қызметтерді қосылған құн салығынан босатуды көздейтін Үкімет қаулысының жобасын әзірледі.
Халық үшін қандай артықшылықтары болады?
- Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС шеңберінде сирек (орфандық) және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді қоса алғанда, дәрілік препараттардың бағасы бойынша қолжетімді болады;
- ТМККК және МӘМС шеңберіндегі медициналық қызметтер, сондай-ақ сирек және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу жөніндегі қызметтер ҚҚС есебінсіз ұсынылатын болады.
Министрлік бұл шара пациенттерді қолдауға және емдеудің қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
— Біздің басты міндетіміз — медициналық көмек пен қажетті дәрі-дәрмектерді адамдарға барынша қолжетімді ету. ҚҚС-тан босату медициналық ұйымдарға қаржылық жүктемені азайту және пациенттерге уақтылы көмек алу үшін көбірек мүмкіндіктер береді, — деп атап өтті ведомствода.
Қаулының жобасы денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және халықты әлеуметтік қорғауды нығайту жөніндегі шаралардың шеңберінде іске асырылады.
Осыдан бұрын Алматыда бюджет есебінен алынатын дәрі-дәрмек тізімі кеңейтілгенін жаздық.