Ең күрделі ауа райы елдің шығысы мен солтүстігінде күтіледі.
Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз өңірдің солтүстігі мен шығысында кей уақытта нөсер жаңбыр пен бұршақ жауып, қатты жел тұрады. Батыстан соғатын желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетеді.
Абай облысының солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде найзағаймен жаңбыр жауады. Күндіз бұршақ пен қатты жел тұруы мүмкін. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшейеді.
Павлодар облысының батысында, солтүстігінде және орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батыста қатты жаңбыр күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз бұршақ жауып, жел тұрады. Кей жерлерде желдің жылдамдығы 25 м/с-қа дейін жетеді. Түнде және таңертең тұман түседі.
Ақмола облысының батысы мен солтүстігінде күндіз бұршақ жауып, екпінді жел тұрады. Түнде және таңертең өңірдің солтүстігі мен шығысында тұман болуы мүмкін.
Қостанай, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында да найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Жекелеген аудандарда түнде және таңертең тұман түсіп, желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Жетісу облысының шығысында және таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні кей уақытта 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі.
Алматы облысының оңтүстігінде және таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай болуы мүмкін. Күндіз ауа температурасы 35... 36 градусқа дейін көтеріледі. Алматы мен Қонаевта ауа температурасы 35 градусқа жетеді.
Маңғыстау облысының оңтүстігінде ауа температурасы 38 градусқа дейін көтеріледі. Кей жерлерде желдің екпіні 15-18 м/с болады.
Түркістан облысының батысында күндіз шаңды дауыл күтіледі. Батыста және таулы аймақтарда желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Сондай-ақ Астана қаласында, Ақтөбе, Жамбыл облыстарында және Ұлытау облысында қатты жел болжанады. Елордада күндіз солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Аталған өңірлердің басым бөлігінде өрт қаупі жоғары немесе төтенше деңгейде сақталады. Атап айтқанда, Атырау және Маңғыстау облыстарында, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан облыстарының және Ұлытау облысының көп бөлігінде, сондай-ақ елдің басқа да өңірлерінің жекелеген аудандарында төтенше өрт қаупі болжанады.
Бұған дейін «Қазгидромет» 2026 жылғы 15-17 тамызға арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамын жариялаған болатын.