Бірнеше пәннен жылдық бағасы «2» болған оқушы оқу жылын қайта оқуға қалдырылады

АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы Шынар Ақпарованың бұйрығымен орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидалары өзгерді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Құжатқа сәйкес, 1-сыныпта білім алушылардың оқу жетістіктері бағаланбайды. Формативтік бағалау, оның ішінде үй тапсырмасын бағалау 2-4-сынып білім алушыларының оқу мақсаттарына қол жеткізуін мониторингтеу және сабақ барысында сараланған жұмысты одан әрі ұйымдастыру мақсатында жүргізіледі және педагогтің білім алушылармен жазбаша және (немесе) ауызша нысандарда кері байланыс беруі арқылы жүзеге асырылады. Сабақта формативтік бағалау жүргізу кезінде педагог академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып, білім алушылардың санын, бағалау нысандарын, әдістері мен тәсілдерін дербес айқындайды. Бұл ретте білім алушы әрбір оқу пәні бойынша тоқсан ішінде өткізілген сабақтардың жалпы санының кемінде 30 пайызында бағаланады.

Формативтік бағалау нәтижелерін басып шығару және қағаз түрінде сақтау талап етілмейді. Формативтік бағалау нәтижелері электрондық (қағаз) журналда балл түрінде тіркеледі. Формативтік бағалау 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүзеге асырылады. Сабақ үшін қойылатын балл білім алушының үй тапсырмасын және сабақ барысында берілген тапсырмаларды орындау нәтижелерін қосу арқылы айқындалады. Балдар электрондық (қағаз) журналға ағымдағы күн аяқталғаннан кешіктірілмей енгізіледі. Электрондық журналға балдар қою кезінде педагог түсініктемелер енгізе алады.

Аралық бағалау бөлімді (бөлімдерді) оқып-үйрену аяқталғаннан кейін оқу материалының мазмұнын меңгеру деңгейін айқындау және тіркеу мақсатында жүргізіледі және оқу пәнінің ерекшелігіне қарай тиісті нысандағы тапсырмаларды орындату арқылы жүзеге асырылады.

Оқу пәндері бойынша аралық бағалауды өткізу нысандары мен тапсырмалардың түрлері төмендегідей айқындалады:

— тілдік оқу пәндері бойынша аралық бағалау сөйлеу әрекетінің төрт түрі: тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым бойынша жүргізіледі. Тыңдалым және айтылым дағдыларын бағалау аралық бағалауды өткізу жоспарланған апта ішінде сабақ барысында жүзеге асырылады. Қазақ тілі, орыс тілі және ана тілі (оқыту ұйғыр, тәжік және өзбек тілдерінде жүргізілетін мектептер үшін) бойынша аралық бағалау диктант және оқу сауаттылығын бағалауға бағытталған тапсырмалар түрінде жүргізіледі.

«Шетел тілі» (ағылшын, француз және неміс тілдері) бойынша аралық бағалау ауызша және жазбаша сөйлеуді түсіну, лексиканы қолдану, қарапайым айтылымдар құрастыру, сөздер мен сөйлемдерді дұрыс жазу дағдыларын бағалауға бағытталған ауызша және жазбаша тапсырмалар түрінде жүргізіледі.

«Әдебиеттік оқу» оқу пәні бойынша аралық бағалау шығарма және мазмұндама түрінде жүргізіледі, оларға оқу сауаттылығын бағалауға бағытталған тапсырмалар да енгізіледі.

— «Математика» оқу пәні бойынша аралық бағалау математикалық сауаттылығын бағалауға бағытталған тапсырмаларды қамтитын бақылау жұмысы түрінде жүргізіледі;

— «Жаратылыстану» және «Дүниетану» оқу пәндері бойынша аралық бағалау тоқсанына бір рет жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын бағалауға бағытталған тапсырмаларды қамтитын ауызша, жазбаша, практикалық, зертханалық, жобалық және зерттеу жұмыстары түрінде жүргізіледі;

— «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Музыка» және «Дене шынықтыру» оқу пәндері бойынша аралық бағалау тоқсанына бір рет тиісті оқу пәндерінің ерекшеліктерін ескере отырып, білім алушылардың дағдыларын бағалауға бағытталған тапсырмаларды қамтитын практикалық, шығармашылық, жобалық, зерттеу, спорттық, жеке және командалық жұмыстар түрінде жүргізіледі.

Аралық бағалауды өткізу кезінде педагог тиісті оқу пәндері бойынша бағалау тапсырмаларын білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын бағалау жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес дербес әзірлейді.

Аралық бағалау нәтижелері электрондық (қағаз) журналда балл түрінде тіркеледі. Бұл ретте аралық бағалау үшін қойылатын ең жоғары балл:

2-сыныптар үшін — 12 балл;
3-сыныптар үшін — 14 балл;
4-сыныптар үшін — 16 балл.

Балл қою кезінде тапсырмалар шарттарының рәсімделуі есепке алынбайды. Білім алушының тәртібі үшін балл төмендетілмейді.

5-11 (12)-сынып білім алушыларының оқу пәндері бойынша жылдық бағасы тоқсандық бағалардың орташа арифметикалық мәні ретінде ең жақын бүтін санға дейін дөңгелектеу арқылы қойылады және қорытынды баға саналады. Бір немесе екі оқу пәні бойынша жылдық бағасы «2» болған 5-8 (9) және 10 (11)-сынып білім алушылары үшін оқу жылының мазмұнын қамтитын оқу жылы бойынша жиынтық бағалау білім беру ұйымы жасаған кестеге сәйкес ұйымдастырылады.

Қорытынды баға жылдық баға мен оқу жылы бойынша жиынтық бағалау бағасының арифметикалық орташа мәнін жақын бүтін санға дейін дөңгелектеу арқылы қойылады. Үш және одан да көп оқу пәні бойынша жылдық бағасы «2» болған 5-8 (9) және 10 (11)-сынып білім алушылары оқу жылын қайта оқуға қалдырылады. Жылдық бағалары «3», «4», «5» болған 5-8 (9) және 10 (11)-сынып білім алушылары келесі сыныпқа көшіріледі.

Бір немесе екі оқу пәні бойынша қайтадан «2» бағасын алған 5-8 (9) және 10 (11)-сынып білім алушылары осы пәндер бойынша оқу жылына арналған қосымша жиынтық бағалаудан өтеді. Қорытынды баға жылдық баға мен қосымша жиынтық бағалау бағасының орташа арифметикалық мәні ретінде ең жақын бүтін санға дейін дөңгелектеу арқылы қойылады. Қосымша жиынтық бағалау жаңа оқу жылы басталғанға дейін өткізіледі. Қосымша жиынтық бағалау нәтижесі бойынша «2» бағасын алған білім алушылар қайта оқу жылына қалдырылады.

Айта кетелік Қазақстан таланттардың бәсекеге қабілеттілігі индексінде бірден 39 сатыға көтерілген еді