Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ол жаңа оқу жылына дайындық барысы мен оқушылар санына тоқталды.
– Қазір еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алып жатыр. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданады. 11-сыныпқа 227 мың оқушы көшті. Өткен оқу жылында 230 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді, – деді Шынар Ақпарова.
Оның айтуынша, 1-сыныпқа қабылдау алғаш рет QazTech платформасында Бірыңғай OQU платформасы аясында кезең-кезеңімен іске қосылды.
Жаңа оқу жылында бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілдері де жаңартылады. Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталып, күнделікті қалыптастырушы бағалаудың рөлі күшейтіледі.
– Диктант, мазмұндама, шығарма, жоба, ауызша және практикалық жұмыс секілді бағалау әдістерін мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау ретінде қолданады, – деді бірінші вице-министр.
Сонымен қатар үлгілік оқу жоспарларының құрылымы оңтайландырылды. Оқушылардың барлық оқу пәнін толық оқуына мүмкіндік беру үшін қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары алынып тасталды.
Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Қазақстанның 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу мәселесіне қатысты пікір білдірген еді.