Қазақстан форумға Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған делегация атынан қатысып жатыр. Қазақстан — Орталық Азия елдерінің ішінде осы деңгейдегі халықаралық жиынға қатысқан жалғыз мемлекет.
17–18 қараша күндері Еуропарламент ғимаратында өтіп жатқан форумның негізгі тақырыбы — жаһандық қауіп-қатерлер мен тұрақсыздық күшейген кезеңде бейбітшілік, қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы сенімді әріптестікті дамыту.
18 қарашадағы негізгі бағдарлама аясында Еуропарламент президенті Роберта Метсоланың құттықтау сөзі, Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Калластың негізгі баяндамасы жоспарланған. Оның атынан сөзді Еуропалық сыртқы байланыстар қызметінің бас хатшысы Кайса Оллонгрен сөйледі. Сонымен қатар пленарлық отырыстар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Форумда мынадай өзекті мәселелер талқыланып жатыр:
- Жаһандық қауіпсіздіктің өзгеруі және сенімді халықаралық әріптестік;
- Қарулы қақтығыстар мен терроризмнің өзара байланысы;
- Жаңа қауіп-қатерлерге төтеп беру;
- Қорғаныс саласындағы жеткізу тізбектері;
- Теңіз қауіпсіздігі, кеме қатынасының еркіндігі және көлеңкелі флотқа қарсы күрес;
- Халықаралық тәртіп, бітімгерлік және адам қауіпсіздігі.
Брюссельде Қазақстанның форумға қатысуы еліміздің Орталық Азиядағы Еуропалық одақтың маңызды серіктесі ретіндегі рөлін, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға мүдделілігін көрсететіні атап өтілді.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Шуман форумы Еуропалық одақ пен оның серіктестері арасындағы жоғары деңгейдегі диалог алаңы екенін айтты.
— Қазақстанның Орталық Азиядан жалғыз мемлекет ретінде қатысуы еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының басым бағыттарын және Еуропалық одақпен қауіпсіздік саласындағы әріптестікті нығайтуға деген мүдделілігін көрсетеді, — деді Станислав Василенко.
Форумда сөз сөйлеген қазақстандық өкіл террористік ұйымдардың үгіт-насихат жүргізу, жақтастарын тарту және кибершабуыл жасау үшін жасанды интеллект пен цифрлық платформаларды барған сайын белсенді пайдаланып жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, әсіресе жастардың интернет арқылы радикалды топтардың ықпалына түсуі және дипфейк технологияларының таралуы алаңдаушылық туғызады.
Сондай-ақ ол террористік топтар мен ұйымдасқан қылмыстық құрылымдар арасындағы байланыстың күшейіп келе жатқанына назар аударды. Мұндай топтар заңсыз әрекеттерін қаржыландыру үшін адам саудасы, есірткі және қару-жарақ айналымы сияқты қылмыстық схемаларды пайдаланады.
Қазақстанның осы қауіп-қатерлерге қарсы күрес бағытындағы бастамаларына тоқталған Станислав Василенко өткен аптада Астанада БҰҰ аясында киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі ірі халықаралық конференция өткенін еске салды.
— Қазақстанның киберқауіпсіздік пен жасанды интеллектіні басқару жөніндегі БҰҰ орталығын Астанада құру туралы бастамасын Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдағаны қуантады. Бұл — еліміздің осы бағыттағы жұмысы үшін маңызды қадам, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Бельгияға жұмыс сапары аясында осы елдің ірі компанияларының басшыларымен жеке кездесулер өткізген болатын.