Бішкекте Қазақстанның Республика күні аталып өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан астанасында Қазақстанның Республика күніне орай еліміздің Қырғыз Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен салтанатты қабылдау өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Фото: Алматы әкімдігі

Жиынға Қырғызстанның мемлекеттік органдары мен дипломатиялық миссияларының басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломаттар, әскери қызметкерлер, сарапшылар мен кәсіпкерлер қатысты. Сондай-ақ кеш қонақтарының қатарында қоғам қайраткерлері, ғылым мен шығармашылық өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері және қазақ диаспорасының өкілдері болды.

Салтанатты шараның ресми бөлігінде әуелі Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік әнұраны шырқалды.

Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Елшісі Әбілқайыр Сқақов құттықтау сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық жаңғыру үдерісіне тоқталды.

Оның айтуынша, ауқымды өзгерістер жаңа Конституция қабылдауды, билік жүйесін реформалауды, бір палаталы Парламент – Құрылтайды, вице-президент лауазымы мен Халық кеңесін құруды қамтиды. Сонымен бірге инвестиция тарту, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және жасанды интеллектіні кеңінен енгізу арқылы экономиканы өркендетуге басымдық беріліп отыр.

– Соңғы жеті жылда Қазақстанға шамамен 155 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың долларға жетті. 2026 жылы еліміз БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша ең жоғары рейтингтік санатқа енді. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – әр азаматтың лайықты өмір сүруіне және өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруына жағдай жасау, – деп атап өтті дипломат.

Сондай-ақ елші Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық байланыс пен стратегиялық әріптестіктің нығаюына да назар аударды.

– Халықтар арасындағы байланыс, білім мен ғылым саласындағы тәжірибе алмасу, мәдени бастамалар, кәсіпкерлер мен жастардың бірлескен жобалары екі елдің ынтымақтастығын одан әрі бекемдей түседі. Президенттер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Садыр Нұрғожоұлы Жапаровтың тұрақты диалогы Қазақстан мен Қырғызстанның стратегиялық әріптестігі мен одақтастығын жаңа деңгейге көтеруге серпін беріп келеді, – деді дипломат.

Бұған қоса Әбілқайыр Сқақов екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың қарқын алғанын атап өтті.

– Қазақстанның Қырғызстан экономикасына құйған тікелей инвестиция көлемі 20 жылда 1,5 млрд долларға жетті. Ал 2025 жылдың қорытындысында екі ел арасындағы тауар айналымы 33 пайызға өсіп, 2,4 млрд долларды құрады. Ендігі ортақ мақсат – бұл көрсеткішті 3 млрд долларға жеткізу, – деді елші.

Ал Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы Арслан Қойчиев Қазақстан халқын ұлттық мерекемен құттықтап, елге амандық пен өркендеу тіледі.

– Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас мемлекетаралық ынтымақтастықтың ең жоғары деңгейіне – стратегиялық әріптестік пен одақтастық дәрежесіне көтерілді. 2024 жылы қол қойылған екіжақты қарым-қатынасты тереңдету және кеңейту туралы шарт ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты. Біз Қазақстанның жетістіктеріне шын жүректен қуанамыз. Астана ел әлеуетін нығайту, «Әділетті Қазақстан» құру және халықтың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі міндеттерді табысты орындайтынына сенімдіміз, – деді Арслан Қойчиев.

Бұдан бөлек Арслан Қойчиев екі елдің ынтымақтастығы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі достыққа негізделіп, алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді.

Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Зайнидин Құрманов Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтап, екі ел арасындағы қарым-қатынас мыңдаған жыл бойы достық сипатта өрбігенін, қазір жаңа кезеңге қадам басқанын айтты.

– Біз егемен ел болып, өз тағдырымыз бен болашағымызды өзіміз айқындаймыз, тарихымызға да өзіміз баға береміз. Екі елдің өзара түсіністігі толық. Қырғызстан мен Қазақстан үкіметтері халықтар арасындағы достықты мәңгі сақтап, оны одан әрі дамыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап келеді, – деді ол.

Сонымен бірге Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық Ыстықкөл форумы қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Динара Жұмабаева екі елдің мәдениет пен білім саласындағы тығыз байланысын атап өтті.

– Қазақстан мен Қырғызстанның мәдениет, білім және гуманитарлық саладағы байланысы терең. Бұл бағыттағы ынтымақтастығымыз көп жылдан бері жалғасып, Қазақстан тарапы бастамаларымызды үнемі қолдап келеді. Өйткені екі елдің тамыры, тарихы мен дүниетанымы ортақ. Ұлттық мерекеге орай барша қазақ халқына амандық пен бақ-береке тілеймін, – деді Динара Жұмабаева.

Кештің сәнін Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы өнерпаздарының «Ұлы дала әуендері» атты концерттік бағдарламасы аша түсті. Әсіресе қазақ және қырғыз өнерпаздарының домбыра мен қомузда күй-попурри орындауы кештің жарқын сәтіне айналып, бауырлас екі елдің шығармашылық үндестігін көрсетті.

Бұған дейін Хьюстонда Қазақстанның Республика күні тойланғаны хабарланған болатын.