Бішкекте өмір бойына сотталған азаматтың картиналары бір сағатта сатылып кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Бішкектегі С.А. Чуйков атындағы көркемсурет галереясында Мемлекеттік жазаларды орындау қызметінің №19 мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айырылған Вячеслав Абдрашитовтың «Жан дүйнө жаңырыгы» атты жеке көрмесі ашылды. Бұл туралы Кабар агенттігі жазды.

Видеодан алынған кадр

Көрмеге суретшінің 20 туындысы қойылған. Көрме басталған алғашқы сағаттың өзінде олардың 15-і сатылып кеткен. Бұл келушілердің автор шығармашылығына қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.

Көрменің ашылу рәсіміне мемлекеттік органдардың өкілдері, шығармашылық қауым, азаматтық қоғам мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты. Келушілер суретшінің туындыларын тамашалап, ұйымдастырушылармен пікір алмасып, ұнаған картиналарын сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Жазаларды орындау қызметінің мәліметінше, көрме сотталғандарды қайта әлеуметтендіру бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Оның мақсаты — сотталғандардың шығармашылық әлеуетін дамыту, олардың өзін-өзі жүзеге асыруға деген ұмтылысын қолдау және өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыруға ықпал ету.

— Мұндай іс-шаралар өнердің тәрбиелік маңызы зор екенін көрсетеді. Өнер адамның рухани дамуына, шығармашылық қабілетін ашуға және өмірінде оң өзгерістер жасауға деген ынтасын қалыптастыруға көмектеседі, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алған ирандық құқық қорғаушы Наргиз Мохаммади денсаулығы күрт нашарлаған соң түрмеден ауруханаға ауыстырылды.