Академияның ашылу рәсіміне Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Қасымалиев қатысты.
Жаңа ұйым жас шахматшыларды оқытып, даярлауға, жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған алаң болады. Академияның негізгі міндеттерінің бірі – халықаралық деңгейдегі спортшыларды жүйелі түрде даярлау, сондай-ақ талантты жастарды анықтап, қолдау.
Рәсім барысында Әділбек Қасымалиев жас спортшылардың оқу-жаттығуына жасалған жағдаймен танысып, олардың ата-аналарымен әңгімелесті.
Ол қазіргі уақытта Қырғызстанның 500 мектебінде 3–5 сынып оқушыларына арналған «Мектептердегі шахмат» жобасы пилоттық режимде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
— Бүгін Ұлттық шахмат академиясы өз жұмысын бастады. Оның талантты шахматшыларды даярлайтын маңызды орталыққа айналып, Қырғызстанды халықаралық аренада лайықты таныта алатын спортшылардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал ететініне сенімдімін, – деді Әділбек Қасымалиев.
Рәсім соңында Министрлер кабинетінің басшысы орталық шахмат тақтасында алғашқы жүрісті жасап, академияның жұмысына ресми түрде бастап берді.
Ұлттық шахмат академиясын құру туралы Жарлыққа Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров биыл 4 қыркүйекте қол қойған.
Осыған дейін Моңғолия мектептерінің оқу бағдарламасына шахмат енгізілетіні туралы жаздық.