Оған Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін келген мемлекет басшылары мен бірқатар халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысуда. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі хабарлайды.
Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрі Мирбек Мамбеталиевтің айтуынша, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми ашылу рәсіміне 20-ға жуық мемлекеттің басшысы қатысып жатыр.
Олардың қатарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.
Салтанатты шараға Біріккен Ұлттар Ұйымын қоса алғанда, халықаралық ұйымдардың басшылары да келген.
Іс-шараны 800 бұқаралық ақпарат құралының өкілі жариялап жатыр.
Ресми ашылу рәсімі аясында Қазақстан құрамасының спортшылары қатысушы елдердің шеруінде ел намысын қорғады.
Астанадағы жаңа стадионға Ойындардың ашылу салтанатын тамашалау үшін 30 мыңға жуық көрермен жиналды.
Ашылу рәсіміне дейін қонақтарға ұлттық дәстүрлерді, мәдениет пен заманауи өнерді тоғыстырған ауқымды мерекелік шоу ұсынылды.
Концерттік бағдарламаға жергілікті және шетелдік өнерпаздарды, сондай-ақ Қырғызстан мен басқа елдердің би ұжымдарын қоса алғанда, 2 мыңға жуық адам қатысып жатыр.
Айта кетейік, осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың шақыруымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысына және «ШЫҰ » форматындағы кездесуге қатысу үшін Бішкек қаласына жұмыс сапарымен барған болатын.
Осыған дейін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 3 мыңға жуық спортшы қатысатыны туралы жаздық.