Шетелдік көрерменге еліміздің тарихы, мәдениеті мен рухани құндылықтарын танытатын үш отандық фильм көрсетіледі. Көрсетілім тарихи Uránia National Film Theatre кинотеатрында ұйымдастырылған.
— Кино күндері қазақтың әйгілі әншісі Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Әміре» тарихи-өмірбаяндық фильмімен ашылды. Сондай-ақ көрермен «Қайтадан» (Restart) фильмін тамашалады. Бағдарлама ана махаббаты, отбасындағы құндылықтар, күрделі тарихи кезеңдегі адам тағдырын баяндайтын «Анаға апарар жол» драмасымен аяқталады, — делінген хабарламада.
Іс-шараға дипломатиялық корпус, мемлекеттік және мәдениет мекемелерінің, кино саласының өкілдері, Мажарстандағы қазақ диаспорасы және осы елде білім алып жүрген қазақстандық студенттер қатысты. Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әнел Бақытбекқызы құттықтау сөз сөйледі.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының атынан Гүлзат Шүренова-Калищук қатысты. «Әміре» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Санжар Мәди мен «Қайтадан» фильмінің продюсері Жалын Тілеубергенов өз туындылары туралы айтып, түсірілім барысындағы тәжірибелерін ортаға салды.
Қазақстан киносы күндері отандық фильмдерді шетелде кеңінен танытуға, халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған. Мұндай іс-шаралар шетелдік көрерменнің еліміздің тарихы, мәдениеті және бүгінгі кино өнері туралы танымын кеңейтеді.
Осыған дейін Францияда Қазақстан киносы күндері басталғанын жазғанбыз.