АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 4-туры басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған тур 1 және 2 сәуір күндері өтеді. Бүгін, 1 сәуірде 3 ойын болса, 2 сәуірге қалған 4 кездесу белгіленген.
Бүгін, сағат 14:00-де «Каспий» (Ақтау) мен «Қайсар» (Қызылорда) төртінші турдың шымылдығын түреді. Одан кейін 16:00-де «Шахтер» (Қарағанды) мен «Қайрат» (Алматы), 18:00-де «Ақсу» (Павлодар облысы) мен «Мақтарал» (Түркістан облысы) кездеседі.
Ал 2 сәуір күні, сағат 15:00-де «Жетісу» (Талдықорған) мен «Тобыл» (Қостанай), 17.00-де «Ақтөбе» мен «Қызылжар» (Петропавл), «Атырау» мен «Оқжетпес» (Көкшетау) жасыл алаңға шығады. Аталған турды сағат 19:00-де «Астана» мен «Ордабасы» (Шымкент) командалары түйіндейді.
Еске салсақ, алғашқы үш турдан кейін «Ақтөбе» командасы көш бастап тұр.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.