Басылымның жазуынша, сондай-ақ, Ішкі әскердің Астана гарнизонына қарасты 6636 және 3660 әскери бөлімдерінің жаңадан сапқа қосылған сарбаздары салтанатты түрде Әскери ант қабылдады. Әскерге былтырғы күзде шақырылып, жас сарбаз курсынан өткен төрт жүзге жуық жауынгер Отанымыз бен халқымызға әрқашанда адал болуға серт беріп, Ішкі әскер құрамының толыққанды сарбазы атанды.
Ант қабылдау рәсімінің алдында 3660 әскери бөлім командирі, полковник Марат Әрінов құттықтау сөз сөйледі. «Әскери ант - әрбір жауынгерге бұзуға болмайтын берік, мызғымас заң. Ол жауынгердің тәртіпті болуын, әскери жарғылар мен командирлер бұйрықтарының бұлжытпай орындалуын талап етеді. Тәртіпті жауынгерлік қызметтің өзегі, жеңістің анасы деп бекер атамаған. Өз бойында осы қасиетті дамытқан әскери қызметші ешқашан ұтылмайды. Сіздер ата-бабамыз білектің күші, найзаның ұшымен қорғап қалған ұлан-байтақ жеріміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қорғауға дайын болыңыздар», - деді ол.
Айта кету керек, аталған мерекеге орай ұйымдастырылған дәстүрлі гала-концерт бүгін кешкі сағат 19:00-де "Қазақстан" концерттік залында өтеді. Онда әскердің Ән-би ансамблі мен Орталық оркестрі өнер көрсетеді.