«Бұл шын мәнінде, саналы ғұмырын көлік полициясын құруға арнап, оның қалыптасуы жолында аянбай тер төккен майталман ардагерлеріміздің мейрамы. Біз бұл күні қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған асыл ерлеріміздің өшпес рухы алдында бас иеміз. Олардың жанкешті ерлігі мен қайтпас-қайсар батырлығы құқық қорғау саласында қызмет етіп жатқан жас буынмен қатар, өскелең ұрпаққа өнеге болуы тиіс», - деді Көліктегі ІІД бастығы, полиция полковнигі Берік Бисенқұлов.
Оның айтуынша, алғашқы құрылған күннен-ақ көлік полициясы еліміздің ішкі істер органдарының жетекші қызметі болып саналды. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған жылдары ішінде көлік сақшылары ел қауіпсіздігі мен өркендеуі жолында өздеріне жүктелген маңызды мемлекеттік міндеттерді абыроймен атқарды.
«Бұдан былай да Департаменттің жеке құрамы мен оның бөліністеріндегі қызметкерлердің құқық тәртібін нығайтып, азаматтардың заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек ететіндігіне сенім білдіремін», - деп атап өтті полиция полковнигі.
Салтанатты шараға департамент басшылығы, жеке құрам мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты. Іс-шара қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан әріптестерге арналған «Мәңгі ұмытылмас есімдер» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Жиналғандар жеке құрамның мәңгілік тізіміне енген ерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алды. Шара барысында ішкі істер органдарының ардагерлері мен Ауған соғысының интернационалист-жауынгерлері де құттықтау сөз сөйледі.
Өз қызметтік міндетін адал атқарған полиция подполковнигі С. Шыныбеков пен полиция полковнигі С. Осановқа ҚР ІІМ-нің медалі мен грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ, мерейлі мерекеде қызметте жоғары нәтиже көрсеткен 252 қызметкер департамент басшылығының грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды.