Бүгінде 68 мың студент жатақхана орындарымен қамтамасыз етілген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Қазақстандағы жоғары оқу орындарында 68 мыңнан астам жатақхана орындары бар. Бұл туралы «ҚазАқпаратқа» ҚР Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінен хабарлады.

«Қазіргі кезде 68 113 студент жатақхана орындарымен қамтамасыз етілген», - деп атап өтілген министрліктің мәліметінде.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» үшінші бастамасын іске асыру аясында жатақханалар салу тетігін қарастыратын тиісті заңнама қабылданды. Аталған бастама тұрғысында 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу тапсырылған. Осыған орай бүгінгі күні жатақхана салу тетігі әзірленуде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қоғам белсенділері студенттердің жатақханаға орналасу процесін бақылайтын болады. 

Биылғы маусым айында «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Арнайы мониторингтік топтарының мүшелері рейдтік шараларды өткізді. Оның барысында студенттік жатақханаларда бөгде адамдардың заңсыз орналасуы бойынша бірқатар фактілер анықталды. Сонымен бірге, кейбір оқу орындарында бос орындардың жоқтығы салдарынан, студенттер пәтер жалдауға мәжбүр. Жаңа оқу жылы қарсаңында жатақханаға орналасуға ниетті адамдар саны артады. Осы орайда студенттік жатақханаларға бөтен адамдардың орналасуына жол бермеу мақсатында, сондай-ақ орындарды бөлудің әділ процесін қамтамасыз ету тұрғысында Агенттік пен қоғам белсенділері тиісті шараларды іске асырмақ.