Бүгін Алматыда және тағы бес қалада ауа сапасы нашарлайды – Қазгидромет

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазгидромет» РМК еліміздегі ауа сапасына қатысты болжамын жариялады.

Фото: Yandex.kz

– 30 қыркүйекте Алматы, Ақтөбе қалаларында, түнде Атырау, Петропавл, Көкшетау және Өскемен қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі, – делінген хабарламада.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың шоғырлануына ықпал ететін қысқамерзімді метеофакторлардың (тымық ауа райы, жеңіл жел, тұман, инверсия) жиынтығы.

Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде елдімекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы ықтимал.

Айта кетейік, Алматыда 2040 жылға дейін экологияға әсер ететін 276 кәсіпорын қаладан шығарылады.

Бұған дейін Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытына экологиялық талаптарды бұзғаны үшін айыппұл салынды. Сондай-ақ Атырауда экологиялық тексерісті парамен шешпек болған басшы 270 млн теңге айыппұл арқалады.