Бүгін Данияда жалпыхалықтық сайлау өтеді

Фото: Anadolu Ajansi

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық Одақтың мүшесі Дания 24 наурыз күні жалпыұлттық сайлау өткізеді. Бұл сайлау АҚШ-тың Гренландияны «басып алу» туралы мәлімдемелері аясында өтеді, деп хабарлайды Анадолы.

Алты миллион халқы бар Данияда азаматтар 179 орыннан тұратын парламент — Фолькетинг депутаттарына дауыс береді. Сондай-ақ жалпыұлттық сайлауда Гренландия мен Фарер аралдарынан екі-екіден өкіл сайланады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Дания Корольдігіне қарасты автономиялық аймақ Гренландияға қатысты «ұлттық қауіпсіздік» қажеттігін қайта-қайта жариялағаннан кейін қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан даттықтар сайлау нәтижесін тағатсыздана күтіп отыр.

Социал-демократиялық партияның жетекшісі және премьер-министр Метте Фредериксен Гренландия мәселесінде сәтті «дағдарысты басқару» жүргізгенін мәлімдеп, партиясының сайлаудан жеңіспен шығып, үшінші рет билікке келетініне үміт білдірді.

Сайлаудағы тағы бір фаворит — оңшыл-орталық бағыттағы Venstre партиясының көшбасшысы әрі қорғаныс министрі Троэльс Лунд Поульсен.

Фредериксен мен Поульсен — бір үкімет құрамындағы екі негізгі үміткер — ұлттық телеарналарда бірнеше рет пікірсайысқа қатысты. Фредериксен зейнетақы жүйесі мен байлық салығы мәселелерімен айналысатынын айтса, Поульсен мұндай шаралар экономиканы әлсіретеді деп мәлімдеді.

Соңғы сауалнамаларға сәйкес, Фредериксеннің партиясы бірінші орында, ал Поульсеннің партиясы екінші орында тұр.

Гренландияға қатысты мәлімдемелер көлеңкесіндегі сайлау

Данияны әлемдік назарда ұстап отырған ең өзекті мәселе – АҚШ президенті Трамптың Гренландияны «басып алу» туралы мәлімдемесі. Трамптың Дания Корольдігінің құрамындағы автономды аумағы Гренландияны басып алу қаупіне жауап ретінде Дания мұны өз егемендігінің «қызыл сызығы» деп жариялады. Сондай-ақ Данияның Гренландияға әскер жіберіп, ықтимал қауіп жағдайында әскери дайындық жүргізіп жатқаны хабарланды.

Сарапшылардың айтуынша, Дания парламентіне Гренландиядан сайланатын екі өкіл де АҚШ тарапынан болуы мүмкін мәлімдемелерге қарсы тұруда маңызды рөл атқарады.

Шошқа шаруашылығы сайлауға әсер етуі мүмкін

Әлемде шошқа етін экспорттау бойынша жетекші орындардың бірін иеленетін Дания жылына шамамен 28 миллион шошқа өсіреді. Осыған байланысты халықтың едәуір бөлігі ауыл шаруашылығында жұмыс істейді.

Солшыл-орталық партиялар шошқа шаруашылығы экологиялық мәселелер туындатады деп, оны қатаң реттеуді ұсынса, оңшыл-орталық партиялар өндірісті одан әрі дамытуды қолдайды.

Даниялық ақпарат құралдары халықтың басым бөлігін құрайтын фермерлердің дауысы ертеңгі сайлауда партиялар арасындағы күштердің тепе-теңдігіне әсер етуі мүмкін деп санайды.

Алғашқы нәтижелер кешке жарияланады

Даниядағы сайлауға 12 партия қатысып жатыр, 90 орын алған партия үкіметті өз бетінше құру құқығын алады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл сайлауда бірде-бір партия жеке дара билікке келе алмайды. Ал қазіргі сыртқы істер министрі Ларс Локке Расмуссеннің Moderaterne партиясы «теңгерім сақтаушы» рөлін атқаруы мүмкін.

Даниядағы сайлаудың алғашқы бейресми нәтижелері 24 наурыз кешке жарияланады.

Айта кетейік, қаңтар айында Гренландия мен Дания тұрғындары Трампқа наразылық білдірді. 

Бұған дейін Дания премьер-министрі Трамп әкімшілігін Гренландияға қарсы «сес көрсетуін тоқтатуға» шақырды.