Бүгін еліміздің шығысында түнде 3 градусқа дейін үсік жүреді

АСТАНА. KAZINFORM – 4 қыркүйекте Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі, ал шығыс өңірлерде түнде 2-3 градус үсік жүреді, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.

Фото: Pixabay.com

Синоптиктердің мәліметінше, кең ауқымды антициклонның әсерінен ел аумағының басым бөлігінде жауын-шашын болмайды. Тек республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағай ойнап, жаңбыр жауады.

Республика бойынша жел күшейеді. Елдің батысында, оңтүстік-батысында және оңтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде түнде және таңертең тұман түседі.

– Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында және Абай облысының шығысында түнде 2-3 градус үсік күтіледі, – делінген «Қазгидромет» болжамында.

Сонымен қатар бірқатар өңірде өрт қаупі жоғары болады. Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының солтүстік-батысында, Абай облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының солтүстік-шығысында, Маңғыстау және Қарағанды облыстарының орталығында, Жетісу, Алматы және Ақмола облыстарының солтүстігінде жоғары өрт қаупі болжанады.

Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында төтенше өрт қаупі сақталады.

Сондай-ақ Маңғыстау облысының батысы мен солтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен орталығында, Алматы облысының батысы, шығысы мен орталығында, Жетісу облысының оңтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі күтіледі.

Айта кетейік, бұған дейін елде ауа температурасы 33 градусқа дейін жоғарылайтыны мәлім болған.