АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 25 қыркүйекте футболдан Лига кубогының жартылай финалдық ойындары өтеді.
Жарыстың аталған сатысында «Астана» мен «Елімай» (Семей), «Қайрат» (Алматы) пен «Жеңіс» (Астана) командалары қарымта кездесу өткізеді. Екі матч та елорда уақытымен 19:00-де басталады.
Алғашқы ойында «Жеңіс» командасы «Қайратты» 2:0 есебімен жеңсе, «Астана» мен «Елімай» 0:0 есебімен тең түсті.
Финал 24 қарашаға жоспарланған.
Лига кубогы ойындары биыл елімізде алғаш рет басталды. Бас жүлдеге қол жеткізген команда қомақты ақшалай сыйақы алады.
Айта кетсек, бұдан бұрын Премьер-лигада «Астана» төртінші ойын қатарынан жеңіске жеткен болатын. Елордалық клуб Шымкентте жергілікті «Ордабасымен» кездесті. «Астана» басты қарсыласын 4:2 есебімен сүріндіріп, турнир кестесінде үздік үштіктегі командаларға жақындай түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.