Бүгін — халықаралық таеквондо күні
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін — халықаралық таеквондо күні. 1994 жылдың 4 қыркүйегінде таеквондо Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен олимпия ойындарының бағдарламасына қосылған. Осыған орай 2006 жылдан бері Халықаралық таеквондо федерациясы бұл күнді атаулы датаға айналдырған.
Қазір бұл спорт түрімен 200-ден астам елде 80 миллионнан аса адам айналысады. Оның ішінде қазақстандық спортшылар да халықаралық жарыстарда биік жетістіктерге жетіп жүр. Отандастарымыздың бұл спорт түріндегі қарқыны туралы «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы Арал Садықов айтты.
Елдегі таэквондо спортының даму қарқыны жақсы. Бірақ, әлі де назар аударуды қажет ететін тұстары баршылық.
— 2024 жылы Қазақстан теэквондо федерациясының Президенті тағайындалды. Қазір сол кісінің тапсырмасына сай біршама жұмыстар жүйеленіп қалды. Инфрақұрылым жағынан түйткілді түйіндер көп. Оған байланысты бірнеше жоба қолға алынды. Елдегі республикалық турнирлердің ауқымы кеңейіп, абыройы артып келеді. Қазір федерация тарапынан элокторды жүйеге көшіп жатырмыз. Жоғарыда айтқан жарыстар осы жүйе бойынша ұйымдастырылады. Бұған қоса біздің төрешілер халықаралық тәжірибені жетік меңгерген, — дейді Арал Садықов.
Қазақстанда қазір аталмыш спорт түрімен 30 мыңға жуық спортшы айналысады. Таэквондоға қызығушылар санын арттыру үшін ілкімді істер қолға алынып жатыр.
— Біз 2016 жылы King club Astana атты клубты аштық. Соның ішінде Қазақстан чемпиондарын даярлап шығардық. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері шықты. Және барша халықаралық турнирлердің чемпиондарын шығардық. Соған байланысты бізде сала хатшыларына арналған арнайы талаптар бар. Федерация хатшылары сол саланың маманы болуы керек деген ұстаным бар. Себебі, бұл спорт түрін түсінбейтін адам оның әрі қарай дамуына үлес қоса алмайды, - деді ол өз сөзінде.
Жалпы, таеквондо 2000 жылы алғаш рет Сиднейде Олимпиада бағдарламасына кірген. Оған дейін Сеул мен Барселонадағы ойын кезінде арнайы көрсетілім ретінде өткенін де тілге тиек етті.
Еске сала кетейік, таеквондодан Муджу қаласында (Оңтүстік Корея) өтіп жатқан Гран-при кезеңінде Қазақстан құрамасы екінші медалін жеңіп алды.