АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 10 шілдеде қазақстандық «Ордабасы» клубы футболдан Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысындағы алғашқы ойынын өткізеді.
Жарыстың аталған сатысында шымкенттік клуб Молдованың «Петрокуб» командасын қабылдайды.
Кездесу 10 шілдеде сағат 20:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.
Шымкенттік клуб былтыр ел біріншілігінде тұңғыш мәрте чемпион атанды. Нәтижесінде биыл алғаш рет Чемпиондар лигасында бақ сынауға мүмкіндік алды.
«Петрокуб» командасы 1999 жылы құрылған. Бұл клубта да өз елінде алғаш рет чемпиондық атақты жеңіп алды.
Сондай-ақ олар екі мәрте (2020/21, 2021/22) күміс, үш мәрте (2017, 2018, 2019) қола жүлдегер атанды.
Ал, 2019/20, 2023/24 жылдарда Молдова кубогының жеңімпазы болды.
Қарымта кездесу 17 шілдеге белгіленген.
Айта кетсек, биыл Еуропа лигасында қостанайлық «Тобыл», Конференция лигасында елордалық «Астана» және «Ақтөбе» командалары ел намысын қорғайды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.