Бүгін Өзбекстанның «Samarkand — 2028» спутнигі ғарыш кеңістігіне шығарылады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — 5 тамызда Өзбекстанның «Samarkand — 2028» гиперспектрлік жерсерігі орбитаға шығарылмақ, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: uzcosmos.uz

«Өзбекғарыш» агенттігінен мәлімдегендей, спутник Қытайдың Шаньдун провинциясы жағалауында орналасқан ғарыш айлағынан көкке көтеріледі. «Samarkand — 2028» аппаратымен қатар «Lampung-1» жерсерігін де орбитаға шығару көзделіп отыр.

Бұл жобаны жүзеге асыру «STAR.VISION» компаниясына жүктелген. Дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілді.

Тиісті меморандумға «Өзбекғарыш» агенттігі мен қытайлық «STAR.VISION» кәсіпорны 2025 жылы желтоқсанда қол қойған. 2028 жылы Самарқандта ұйымдастырылатын Халықаралық астронавтика конгрессінің құрметіне орай, спутникке «Samarqand-2028» атауы берілген.

Келісімге сәйкес, Жерді қашықтан зондтау жерсерігіне арналған жасанды интеллект модулін «Өзбекғарыш» агенттігінің мамандары әзірледі. Спутник ауа сапасын бақылау, дәнді-дақылдардың өнімділігі мен орман алқаптарындағы жағдайды қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Кейін оның көмегімен жасалған суреттерге агенттік мамандары талдау жасап, ақпаратты жауапты ведомстволарға жолдап отырады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2027 жылы ғарышқа шығарылатын түркі елдерінің бірлескен спутнигі Ташкентте таныстырылды.

Сондай-ақ, Өзбекстан 2028 жылы «Mirzo Ulug’bek» спутнигін ғарыш кеңістігіне шығарады.