Бүгін «Тобыл» Конференция лигасында алғашқы ойынын өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін қазақстандық «Тобыл» (Қостанай) футболдан UEFA Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде Литваның «Паневежис» клубымен кездеседі.

Фото: «Тобыл» футбол клубы

Кездесу Қазақстан уақытымен 20:30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

«Паневежис» командасы 2015 жылы құрылған. 2019 жылдан бері өз елінде жоғары А лигасында ойын көрсетіп келеді. 2023 жылы алғаш рет ел чемпионы атағын жеңіп алды. Былтыр олар ел кубогында жеңімпаз тұғырынан көрінді.

Бұл ойында бас төреші міндеті норвегиялық Мохаммад Асламға жүктелген. Оған отандастары Альф Олав Россланн мен Эдвард Хельгеруд көмектеседі. Қосалқы төреші де сол елдің өкілі Мариус Лин.

Литвалық клуб еурокубок ойындарында бірнеше мәрте бақ сынады. Әзірге негізгі кезеңге дейін жете алған жоқ. 2024/2025 жылғы маусымда алдымен Чемпиондар лигасының екінші кезеңінде қарсыласына жол беріп, одан кейін Еуропа лигасы үшінші кезеңінде сынға түсуге мүмкіндік алды. Дегенмен бұл кезеңде сүрініп, жарысты Конференция лигасы плей-офф кезеңінде аяқтауға мәжбүр болды.

Алдағы жылы құрылғанына алпыс жыл толатын қостанайлық «Тобыл» 2010, 2021 жылдары Қазақстан чемпионы атанса, 2007, 2023, 2025 жылдары Қазақстан кубогын төбесіне көтерді.

«Тобыл» командасының тізімі

Қақпашылар: №1 Сұлтан Бусурманов, №35 Юрий Мелихов, №44 Данил Устименко;

Қорғаушылар: №3 Роман Асранқұлов, №4 Неманья Цавнич (Черногория), №5 Пап-Альюн Ндиайе (Франция), №15 Марко Вукчевич (Черногория), №25 Антонио Боршич (Хорватия), №72 Райан Сенхаджи (Франция);

Жартылай қорғаушылар: №6 Максим Мякиш (Беларусь), №7 Жаслан Жұмашев, №8 Асхат Тағыберген, №10 Ислам Чесноков, №13 Абдулай Сиссе (Гана), №14 Амин Талал (Марокко), №17 Александр Зуев, №19 Дәурен Жұмат, №21 Наурызбек Жагоров, №30 Луис Герра (Венесуэла), №34 Сұлтан Бақыткереев, №56 Эмин Мұсаев, №57 Азамат Зинадин,

Шабуылшылар: №18 Урош Милованович (Сербия).

Бас бапкер: Мирослав Ромащенко.

Қазақстандық клуб үшінші іріктеу кезеңіне шыққан жағдайда «Партизан» (Сербия) - «УНА Штрассен» (Люксембург) жұбының жеңімпазымен ойнайды. Бірінші кездесу 6 тамызда сырт алаңда өтсе, қарымта ойын 13 тамызға белгіленген.

Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық «Қайрат» (Алматы) футболдан UEFA Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омония» (Никосия) клубымен кездесті.