Бүгін түнде футболдан Чемпиондар лигасының екі ойыны өтеді

Фото: Фото: UEFA

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасының 1/8 финалының қарымта ойындары өтеді. 

Бүгін «Реал Сосьедад» (Испания) пен «Пари Сен-Жермен» (Франция) ойнайды. Кездесу «Qazaqstan» телеарнасынан 5 наурыздан 6 наурызға қараған түні тікелей эфирде 00:50-де көрсетіледі. 

Алғашқы ойында франциялық клуб қарсыласынан 2:0 есебімен басым түскен болатын.

Дәл осы уақытта «Qazsport» телеарнасынан «Бавария» (Германия) мен «Лацио» (Италия) ойыны жанкүйер назарына ұсынылады. Бірінші ойын 1:0 есебімен италиялық клубтың пайдасына шешілген.

Ал, 6 наурызда «Манчестер Сити» (Англия) мен «Копенгаген» (Дания), «Реал Мадрид» (Испания) пен «Лейпциг» (Германия) командалары шеберлік байқасады.

Сондай-ақ 12 наурызда «Арсенал» (Англия) мен «Порту» (Португалия), «Барселона» (Испания) мен «Наполи» (Италия), 13 наурызда «Боруссия Дортмунд» (Германия) пен ПСВ (Нидерланд), «Атлетико Мадрид» (Испания) пен «Интер» (Италия) ойнайды. 

Айта кетсек, 2023 жылы Англияның «Манчестер Сити» клубы өз тарихында тұңғыш мәрте Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанған еді. Ағылшындық клуб финалда Италияның «Интер» командасынан 1:0 есебімен басым түскен.