Бүгін Түркістанда футболдан Қазақстан кубогының финалы өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 7 қарашада футболдан Қазақстан кубогы финалында «Қайсар» (Қызылорда) — «Ордабасы» (Шымкент) командалары кездеседі.

Фото: Kazinform\ЖИ

Бұл ойын Қазақстан уақытымен 16:00–де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Кездесу барысында бас төреші міндетін оралдық Болат Сәриев атқарса, оған ақтөбелік Юрий Тихонюк пен павлодарлық Дмитрий Белоградов көмектеседі. Қосалқы төреші міндеті өскемендік Александр Затулаға жүктелген. VAR төрешісі Саят Қарабаев болса, AVAR төрешісі міндетін тараздық Бағдат Абдоллаев атқарады. 

Қазірге дейін «Қайсар» 1998, 2019 жылдары Қазақстан кубогына ие болса, 1997 жылы финалға дейін жетті.

Ал «Ордабасы» 2011, 2022 жылдары кубокты төбесіне көтерсе, 2007, 2023 жылдары финалда ойын көрсетті.

Биыл қызылордалық клуб Қазақстан кубогында алдымен Жамбыл облысының «Талас» (Қаратау) клубын 2:0 есебімен жеңсе, одан кейін алматылық «Қайрат» (2:1), қостанайлық «Тобыл» (1:1, пенальтиден 5:3), астаналық «Жеңіс» (3:1, 2:3) клубтарын орта жолда қалдырды.

Финалға дейін «Ордабасы» алдымен шымкенттік «Оңтүстік академия» (4:2), ақтаулық «Каспий» (3:0), талдықорғандық «Жетісу» (1:0), өскемендік «Алтай» (3:1, 2:1) клубтарын жеңді. 

Қазақстан кубогы 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін барлығы 15 команда кубокты жеңіп алды. Оның ішінде «Қайрат» (Алматы) -10, «Жеңіс» (Астана), «Астана», «Тобыл» (Қостанай) — 3, «Ақтөбе», «Қайсар» (Қызылорда), «Ордабасы» (Шымкент) — 2, «Атырау», «Ертіс» (Павлодар), «Тараз», «Шахтер» (Қарағанды), «Восток» (Өскемен), «Алматы», «Достық» (Алматы), «Спартак» (Семей) 1 мәртеден жеңімпаз атанды.

Айта кетсек, «Ордабасы» биыл өз тарихында екінші мәрте Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды.