Бұқара-Орал магистральді газ құбырының үшінші желісі салына бастады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Бұқара-Орал» магистральді газ құбыры құрылысының үшінші желісі басталды. Жобаға 43 миллиард теңге жұмсалады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: пресс-служба акима Актюбинской области

«Бұқара-Орал» магистральді газ құбырын салу Хромтау ауданы аумағында жүріп жатыр. Құрылысты екінші бағыттан, яғни Ақтөбе қаласынан бастау үшін тағы 15 миллиард теңге бөлуге ұсыныс берілді. Бұл қыс мезгілі жеткенше жұмысты өндіріп жасауға мүмкіндік береді. Өңір басшысы жалпы құны 43 млрд теңге болатын жобаның Ақтөбе облысының одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы, Ақтөбе қаласының жаңа өндірістік кәсіпорындары мен тұрғын алаптарын газдандыру үшін маңызы зор екенін атап өтті.


«Мемлекет басшысының қолдауының арқасында біз өңір үшін өмірлік маңызы бар жобаны іске асыруға кірістік. Қолданыстағы газ құбырлары өткен ғасырдың 60-80 жылдарында салынған. Бүгінгі таңда аймақтың белсенді дамуына және өткен жылдардағы халық санының өсуіне байланысты газбен жабдықтау қуатын арттыру қажет. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласын, іргелес елді мекендер мен өнеркәсіптік объектілерді газбен жабдықтау «Бұқара-Орал» магистральдік газ құбыры арқылы жүзеге асырылады. Газ құбырының жаңа үшінші желісінің қуаты - сағатына 526 мың текше метр. Аталған газ көлемі Ақтөбе мен оған іргелес елді мекендерді дамытуға бағытталады. Бұл жобаның құрылысын қысқа мерзімде аяқтау қажет», - деді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.


Газ құбырының үшінші желісінің жалпы ұзындығы - 165 шақырым, жылдық қуаты - 2,4 млрд текше метр. Құрылыста 330-дан астам адам жұмыспен қамтылады. Жобаны іске асыру мерзімі - 17 ай, бірақ мердігер жұмысты 2024 жылы аяқтауға уәде береді.

Айта кетейік, жаңа газ құбырының өткізу қабілеті Ақтөбе облысының қажеттілігін 50 жылға жабады. Бұл ретте, оның құрылысы таяу жылдары 3 триллион теңге сомасына 30 ірі инвестициялық жобаны іске асыруға мүмкіндік береді.